151-ші атқыштар бригадасының құрметіне арналған дәстүрлі велошеруге Академия курсанттары да ат салысты

Ағымдағы жылдың 26 сәуірінде Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерей тойы аясында Қостанай қаласында велошеру ұйымдастырылды. Патриоттық рухта ұйымдастырлыған  іс-шара Тобыл өңірінде жасақталған 151-ші атқыштар бригадасының құрметіне арналды.  1942 жылы 26 сәуір күні, яғни осыдан 76 жыл бұрын Қостанай қаласының тұрғындары №151 атқыштар бригадасын қан майданға аттандырған еді. Аталмыш іс-шараға жыл сайынғы дәстүр бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің  Шырақбек Қабылбаев атыңдағы Қостанай академиясы да белсенді түрде ат салысты. Веложарысқа Академия бастығы полиция генерал-майоры М. Қызылов, Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Е.Каппасов, Академияның офицерлер құрамы, Тәрбие жұмыс бөлімі және 2 курс жеке құрамы толығымен қатысты. Ең алдымен веложарысқа қатысушы курсанттар мен спортшылар Қостанай қаласының Жеңіс саябағына жиналып, Академия бастығы М. Қызылов сөз сөйледі. Сөз соңында Ұлы отан соғысы ардагерлеріне және Қазақстан халқына әрқашан адал қызмет ететінімізді айтып, батыр бабаларымызға тағзым етіп, курсанттар мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің 151-ші атқыштар дивизиясының ерлік істері жайлы ойлы әңгімелерінен соң, вело шабандоздар мен вело-жүгірістің қатысушылары 25 км. қашықтықтағы жолға шықты. Қостанай қаласының көшелерімен жүріп өтіп қала сыртындағы Кеңес Одағының батыры Илья Сьяновтың бейтіне гүл шоқтарын қойды. Онда соғыс және тыл, еңбек ардагерлері де болды. Веложарыстан кейін барлық қатысушылар облыстық Балалар шығармашылығы үйінің алдында ұйымдастырылған митингіге келді. Академия курсанттарының атынан 2 курс курсанты полиция кіші сержанты Тұрсынбекұлы Қайрат осы айтулы мерекелік іс-шараға қатысқанымыз үшін өте қуанышты екенімізді әрі бұл іс-шараға ат салысу біздің оқу орнымыз үшін үлкен құрмет екенін жеткізді.  Балалар шығармашылығы үйінің алдында  өткізілген митингіде сонымен қатар патриоттық әндер шырқалып, Академия курсанттарының офицерлік вальсі тамашаланды. Іс-шара соңында «Қостанай қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлкеттік мекемесі веложарыстың барлық қатысушыларын мадақтамалармен марапаттады. Аталған іс-шара барлық жастардың жүректерін тебірентіп, патриоттық сезімін оятқаны сөзсіз.









Академия курсанттар баспасөзі қызметі

полиция қатарындағы

Эльмира Канатчина