Жастардың арасында діни экстремизм мен деструктивті ағымдардың алдын алу

Діни секталардың арбауына түспеу үшін не істеу керек? Басқа елдерден келген діни конфессиялардың Қазақстанға үгіт-насихат жұмыстарын жасаудағы мақсаты не? Қазақстандағы ұлттарға қажеті бар ма? Олардың іс-әрекеттері мемлекеттің заңдарына қайшы емес пе? Жастардың болашағына, мемлекеттің қауіпсіздігіне, саяси тұрақтылығына нұқсан келтірмей ме?

Міне, осындай сұрақтар кез-келген азаматтың, елдің қамын, болашағын, мемлекеттің тұтастығын, ынтымақтастығын ойлаған саналы тұлғаның ой толғандыратын мәселесі. Арқалық қаласының тұрғындарына ақпараттық түсіндіру жұмыс аясында осы көкейтесті сұрақтарға жауап беру үшін және әлеуметтік-саяси феноменді түсіндіру мақсатында,  сонымен бірге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсуге байланысты кәсіби бағдар жұмысын жүргізу бойынша әдейі іс-сапармен Арқалық қаласына әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының бастығы философия ғылымдарының кандидаты полиция полковнигі Дәурен Болатұлы Тойматаев барды.

«Қазіргі таңда діни жат ағымдарға өтіп кеткен жастар көп. Мұны жастардың діни сауатының төмендігінен, фундаменталды білімнің жоқтығынан, ой- өрісінің тарлығынан деуге болады. Сол псевдоұйымдарға өтіп кеткен жастарды ауыл болса ауыл ақсақалдарын, қала болса дінтанушы ғалымдарды, мешіт имамдарын шақырып, олармен сұхбаттасып, нақтылы дәйектермен дәлелдеп, алған бетінен қайтуды өз санасымен мойындап қабылдауы керек», дей келе Дәурен Болатұлы жергілікті қауымның сұрақтарына жауап беріп, тартысты пікірталастар ұйымдастырды.

Дін — мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық — дәстүрлі діндерінің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды Отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.




Әлеуметтік-гуманитарлық

пәндер кафедрасы