Кәмшат апамыздың рухы ұлықталды

Үстіміздегі жылдың демалыс күндері ғылыми және педагогикалық магистратураның 1 курс магистранттары тәрбие жұмысы жоспарына сәйкес, Академиямыздың мәдени университетінің іс-шаралары аясында Қостанай облысының Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрына А.Шаяхметовтың драмасы  «Еңбек ер атандырады» қойылымына барды.

Аталмыш спектакль ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткер, тың игеруші, танымал механизатор, Еңбек ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы — Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева туралы болды.

Мұндай қойылымдар жастарымызды еңбексүйгіштікке, үлкенді құрметтеуге, тарихымызды қастерлеуге үйретеді.

Талғамы биік талай көрерменнің жүрегіне жол тапқан, көзайымына айналған театр актерлері осы жолы да көрермендерінің ойынан шығып, өнерлерімен тәнті етті.

Магистранттарымыз рухани демалып, әсерленіп қайтты.

Магистратураның аға оқытушы-әдіскері

полиция подполковнигі Г. Едресова