Наурыз мерекесінің  қарсаңындағы игі шара

Наурыз тойы қарсаңында: «Бұлақ көрсең көзін аш», ‑ деп қаумаласқан жігіттер бастаулардың көзін ашып, қариялар: «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын», ‑ деп бұлаққа май құйып, өсімдіктерге ақ бүркеген. Сөйтіп табиғаттың өсіп‑өнуіне жағдай жасалған. Осындай әрекетті тікелей жасамасақ  та, «Болмасаңда ұқсап бақ», — деген Абай атамыздың сөзін ұстана отырып, Наурыз мерекесінің қарсаңында Қазақстан Республикасы  ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қылмыстық процес және криминалистика кафедрасының оқытушыларымен бір игі шара ұйымдастырылды.

Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүр қазақ тіршілігінде түрліше іске асып отырған. Наурыз мерекесінің қарсаңында оқытушылармен бірге 1  курстың  өнерлі курсанттары Ерболат Лашын  мен  Сәрсенәлі Рүстем  Қостанай қаласының әйелдер мен балаларды бейімдеу орталығында ұйымдастырылған  мерекелік іс-шараға өз үлестерін қосты, домбыра тартып күй ойнады, ән шырқап көңіл ашты. Оқытушылар тарапынан ұйымдастырушылық мәселелері шешілсе,  курсанттар аталған мерекеде өз өнерлерін көрсетті. Кішкентай бүлдіршіндерге қосылып  мереке барысында жүргізілген ойындарға қатысты, өткізілген қазақтың салт-дәстүрлерін тамашалады. Жайылған ақ дастархан басында орталықтың тұрғындарымен,  күнделікті өмірімен, сонда тұрып жатқан аналар және балалармен  танысты.

Бұл орталықтардың елімізде болуы әрейне көңілге жылу бермейтіні анық, алайда «жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, бар нәрсені жоқ деп айта алмаймыз.  Соныдықтан, осы ғажайып мереке қарсаңында әрбір ана бүлдіршіндерін өз баспанасында тәрбелесін,  әр шаңырақта тек татулық, молшылық  болсын деп тілейміз.

Ел билеген көсемдер «Жақсылыққа жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», — деген  ата-бабамыздың сөзін жаңғырту мақсатында  осы іс-шара  жастарға үлі, өнеге болсын, әрі халықтың арасында шынайы сыйластық, достық қарым‑қатынас орнатуға септігін  тигізсін деген  мақсатта  жүргізілді.

Қылмыстық процесс және криминалистика

кафедрасының оқытушысы,

102 взвод кураторы

полиция майоры Нурмағанбетова Ж.К.