Курсанттар «Алтыншы бекет (Шестой пост)» фильмінің тұсаукесеріне барды

«Азамат сыны — ерлік, ерлік сыны – елдік»

Мұхтар Әуезов

Қазақ халқы қашан да өзінің ерлігімен, батырлығымен, қаһармандығымен танылған. Сан ғасырлық тарихымыздан елі мен жұрты үшін қасық қаны қалғанша күрескен, ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мақсат еткен қазақ батырларын білеміз. Келешек ұрпағы да сол ата-бабаларының жолымен, үлгі алып, аманатын алып келе жатыр десек артық етпейді.

Соның куәсі ретінде жақында ғана Еліміздегі кинотеатрлардан көрсетіле бастаған «Шестой пост» фильмін атап айтуға болады. Фильмде қазіргі заманғы ержүрек жігіттеріміздің батырлығы, қаһармандығы мен қайсарлығы көрсетілген. Жастығына қарамастан Отанына берген антын берік ұстап, ерлігін көрсете білген басты кейіпкер өзінің ерлігімен батырлық танытты. Қаруланған бір топ сотталушыға қарсы тұра білді. Өзінің осындай ерлігімен әр қазақ жігітінің қандай батыр, ержүрек екендігін көрсетті.

Курсанттарды патриоттық тәрбиелеу мақсатында патриоттық мәні бар, ерлік пен намысқа, қайсарлық пен жігерге толы аталған фильмге 1 курстың 101 оқу тобының курсанттары барды.

Сонымен қатар, демалыс күндері 2,3 курс басшылығының бірлесе ұйымдастыруымен 2,3 курс курсанттары да аталған фильмді тамашалап қайтты.

 Еліміздің төл туынды фильмін бірінші болып көрген курсанттар бірінші кезекте, рұқсат еткен Академияға, ұйымдастыруға атсалысқан курс басшылығына ,оқу топтарының кураторларына шексіз алғыстарын білдірді.

А. Мұрат

кураторлар кеңесі төрағасының орынбасары,

полиция аға лейтенанты