Төле би ауылындағы салт-дәстүр

Әр елдің, ұлттық өзіне тән салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол елдің жеріне, ұстанған дініне байланысты қалыптасып дамып жатады. Салт-дәстүр атадан балаға мұра боп өтеді. Заманына қарай өзгерістер болғанымен түпкі мақсаты мен негізі сақталады.

Ұлыстың ұлы күнінде наурыз мейрамын тойлау барысында Академияда салт-дәстүрлерге байланысты іс-шаралар өтті. Академия қызметкерлері ауыл – аймақтарға бөлініп, әр ауыл өз дәстүрлерін көрсетті. Осыған орай, педагогика және психология, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика, ІІО әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру, жауынгерлік және дене дайындығы кафедралары бірлесе отырып Төле би ауылының тұрғындары болып, қазақ халқына жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт – дәстүрін, яғни сыңсуды көрермен назарына ұсынды.


Сыңсу — қыз ұзату дәстүріне байланысты туған тұрмыс-салт жырларының бірі. Бұл — қыздың ұзатылар алдындағы ел-жұртымен, ағайын-туыс, құрбы-құрдастарымен, туып- өскен жерімен қоштасуы ретінде айтылады. Сыңсуды ұзатылатын кыздың сіңлілерімен не жеңгелерімен үй-үйді аралай жүріп белгілі әуенмен айтатын болған. Сыңсудың сөзін ақындар немесе қыздардың өздері шығарған. Ұзатылып бара жатқан қыз сыңсу арқылы жұртқа өзінің мұңын, қайғықасіретін жеткізген. Қазіргі кезде негізінен қыз ұзатылып кетіп бара жатып, туған-туыстарымен қоштасу барысында айтылады. Қыз өзінің ішіндегі бар сағынышын шығарып, жұртынан кетеді.

Жылда асыға күтетін Ұлыстың ұлы күні — жайма шуақ наурыз биыл да табалдырығымызды оң жағынан аттап, салт-дәстүрлерімізбен бірге ұласты. Ынтымақты ту етіп, бірлік, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін наурыз мерекесі Елімізге береке, халқымызға игілік, Академиямызға шаттық, әрбір шаңыраққа бақыт әкелсін! Баршамызға жаңа жыл құтты болсын!

Педагогика және психология

кафедрасының оқытушысы

полиция аға лейтенанты

Н.Ж.Турсумбаева