Жарыс жеңімпаздары марапатталды

Наурыз мерекесін тойлауға байланысты ағымдағы айдың 23-і күні Қостанай қаласы ДСҚ «Динамо» спорт кешенінде қазақтың төл спорты саналатын қазақ күресінен 0ұқық қорғау органдары қызметкерлері арасында Қостанай облысының чемпионаты өтті.

Бір күнге созылған бұл жарыста үш салмақ дәрежесіндегі балуандар күш сынасты.

90 келі салмақ дәрежесінде 3-ші орынға Қостанай академиясының          3 – курс курсанты Бахтияр Болатов ие болса, дәл осы салмақ дәрежесінде  барша балуанның мысын басып, мықты күрес тәсілін көрсетіп көпшілікті таңқалдырған 3 – курс курсанты Бексұлтан  Оразымбет жеңімпаз атанды. Ал аса ауыр 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде тағы бір мықты балуан           3 – курс курсанты Болат  Күдірбек мықты айла – тәсіл және күш – жігерінің арқасында баршадан басым түсіп, жеңіске жетті.



Мерекелік жарыс аяқталған соң, дәстүр бойынша артынша Қостанай облысының құқық қорғау органдары арасында Қостанай облысы ІІД – нің  2018 жылғы «Полиция барысы» түйе палуанын анықтау сыны өткізілді. Бұл сынға Қостанай академиясының да курсантары қатысып жақсы нәтиже көрсетті. Соның ішінде Қостанай академиясының 3 – курс курсанты  Бахтияр Болатов керемет күресімен ақтық сынға дейін жетіп, нәтижесінде палуанға сай жігер танытса да кемшін тәсілімен Қостанай облысының ІІД қызметкеріне есе жіберіп алды. Сөйтіп күміске қол жеткізді. Ал, алдыңғы жылы аталмыш доданың түйепалуаны болып ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының ЖжДД кафедрасының аға оқытушы полиция майоры Ержан Кабидуллинов атанған болатын. Бірақ бұл жолы Ержан Айтбайұлы өз жолын шәкірттеріне берген еді. Күміске қол жеткізген палуан Болатов Бахтияр қазіргі уақытта ЖжДД кафедрасының жаттықтырушыларында жаттығады.



Осындай жетістіктерге жетуге өз үлестерін қосып, біз үшін аянбай тер төгіп жүрген жаттықтырушыларымызға және курсанттарға көңіл бөліп, жоғары нәтиже көрсетуімізге негіз болған Қостанай академиясының бастығы полиция генерал – майоры Қызылов Мирлан Ахмедияұлына үлкен алғысымызды білдіреміз, — деді жарысқа қатысқан Академия курсанттары.

Сонымен аталмыш дода нәтижесінде жалпы командалық есепте Академия курсанттары 2 – орынды иеленді. Бұл қазіргі уақытта жақсы нәтиже болып табылады. Ендігі де аталмыш палуандар сәуір айында ҚҚО арасында самбо күресінен болатын чемпионатқа дайындық жұмыстарын жүргізу үстінде.

Міне осындай академияның беделін жақсы жағынан асырып, ел намысын қорғап жүрген балуандарымызды 26 наурыз күні Академияның саптық алаңында Академия бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Ербол Қаппасов жеке құрам алдында құттықтап, жеңімпаздарға грамота табыс етті.

Балуандарды құттықтап болған соң, Ербол Төлегенұлы мерзімі келген, еңбегі сіңген қызметкерлерге 3 дәрежелі және ардагер деген медальдарды тарту етті.

Жиын соңы салтанатты саптық қадам басумен ұласты.

Академияның баспасөз қызметі