« Наурыз айы келгенде…» атты кітап көрмесінің тұсау кесері

Жалпы кітапханада 2018 жылдың 19 наурызы күні Наурыз мейрамы қарсаңында «Наурыз айы келгенде…» атты кітап көрмесінің тұсау кесері болып өтті. Көрмеге кітаптар және газет,журналдар қойылды.

Көрменің мақсаты — курсанттарды Наурыз мерекесінің шығу тарихымен таныстыру, халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен салт-дәстүрлері, дәстүрлі ойындар, ақын жазушылардың, ғұлама ойшылдардың қызықты әңгіме-жырлары, тұрмыс-салт өлеңдері, халық әндері туралы кеңінен ақпарат беру.

Наурыз мейрамы — халқымыздың ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып келе жатқан дәстүрлі ұлттық мерекесі, береке-бірліктің, татулықтың, ерен еңбектің, жаңарған тіршіліктің ұлы символы.

Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған шараға Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі С. Н. Бачурин қатысып,  құттықтау сөзін айтты.

«Наурыз айы келгенде, той болушы еді бұл маңда … » дегендей іс-шарада шашу шашылып, Талғатқызы Диана күмбірлеген «Көңіл толқыны» күйін тартып, В. Синолицина «Ел тілегінің күші» атты өлеңін оқып, О. Андрейчук «Алтын бесік» әнін шырқап, Мықтыбай Санжар «Родина моя» атты өлеңін оқып өнерлерімен көрерменді  тәнті етті. Іс-шараны қорытындылай келе кітапхана меңгерушісі  С. Жиентаева қатысушыларға ризашылығын білдіріп, Мұхамбедияр Тұяқ бата берді. Іс-шараны кітапхананың библиографы Р. Нұрханова жүргізді.

Осылай кітапханада  өткен іс-шараға қатысқандар шат-шадыман көңіл-күймен тарады.