Курсанттар арасында алғаш рет «Парасатты полицей» байқауы өтті

2018 жылдың 16 наурызында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының акт залында Академияның Мемлекеттік тіл бөлімінің бастамасымен

Ш. Қабылбаевтың 110 жылдық мерейтойын атап өту аясында 1,2,3 курс курсанттары арасында алғаш рет «Парасатты полицей» байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқаудың мақсаты – полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастырумен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау. Ішкі істер органдарында қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тіл мерейін арттыру, Елбасымыз ұсынған латын әліпбиінің тарихын жетік білу, сонымен қатар белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ішкі қызмет генерал-лейтенанты Ш. Қабылбаевтың Отан алдында сіңірген игі істерін курсанттардың санасында жаңғырту болып табылады.

Сонымен, аталмыш байқауға 4 команда қатысқан болатын. Олар:

1 курс курсанттарынан құрылған – «Міндет» командасы;

2 курс курсанттарынан құрылған – «Абырой» командасы;

3 курс курсанттарынан құрылған – «Ерлік» командасы;

1,2,3 курс қыздарынан құрылған – «Қыз Жібек» командасы.

Қара қылды қақ жарып, әділ бағаларын беру үшін әділқазылар алқасының төрағасы, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының бастығы, полиция полковнигі Д.Б. Тойматаев және қазылар алқасының мүшелері ретінде білім сапасын мониторингілеу және бақылау бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Қ.Ө. Қарабеков, «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Г.Т. Крикпенова және тілдер кафедрасының аға оқытушысы полиция подполковнигі Е.Қ. Деріпсалдин шақырылды.

Байқау үш айналымнан құрылды. Алғашқы айналым «Ер есімі – ел есінде» деп аталды. Бұл сайыста әр команда топты қысқаша таныстыра отырып, Ш. Қабылбаевтың бейнесі арқылы, оның өмірінен үзінді алып ІІО-ның жетістіктерін, оң имиджін, ІІО-да қызмет етудің мәртебесі мен жұмыстың ерекшеліктерін және қызметте қазақ тілін қолданудағы игі бастамаларын сахналық көрініс арқылы сомдады. Осы көріністерді сомдау барасында байқауға қатысушылар көрермен қауымға өздерінің алғырлықтарын, актерлік қабілеттерін, шеберліктерін паш етті. Келесі айналым «Әуенді жамбы ату». Яғни, бұл айналымда байқауға қатысушылар өздері дайындаған қызықты әрі ұтқыр әзілдерін әуенге салып айтты. Және де соңғы, қорытынды айналым ол – «Қазақ тілінің жаңа белесі». Бұл сайыс арқылы курсанттардың латын графикасының тарихы жайлы білімдері тексерілді.

Ал, аталмыш іс-шара соңында байқаудың үздіктері мен жүйріктерін марапаттау үшін Академия бастығы, полиция генерал-майоры М. Қызылов пен әділқазылар алқасының төрағасы, полиция полковнигі Д.Б. Тойматаев шақырылды. Сонымен, «Парасатты полицей» байқауының нәтижелеріне келер болсақ, «Тілегі мен тілі бір» номинациясы бойынша «Міндет» командасы, «Өнерлі команда» номинациясы бойынша «Абырой» командасы марапатталды және «Ұйымшыл команда» номинациясы «Ерлік» командасына бұйырды. Ал, бас жүлде 1 курс курсанттарынан құрылған «Міндет» командасының еншісіне тиді.

Академияның курсанттар  баспасөз қызметі

2 курс курсанты

Э. Канатчина