Мамандық таңдау — келешекке бастау

Мамандық дегеніміз – адамның еңбек қызметінің түрі. Мамандық таңдау да мектеп қабырғасынан басталады. Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де — бір кірпіш, дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан! — деп ұлы Абай атамыз жырлағандай, өмірден өз орнын тауып, елімізге қажетті кәсіп иесі болу мектеп қабырғасында оқып жүрген оқушылардың арманы. Қазіргі уақытта болашақ мамандық таңдау жолында жүрген оқушыларға академия қызметкерлерімен кәсіби бағдар беру іс-шарасы жүргізіліп жатыр.

Осыған орай, Қостанай қаласындағы Ішкі істер министрлігіне қарасты даңқты генерал Шырақбек Қабылбаев атындағы ведомстволық жоғары оқу орнына оқуға түсу ережесі және тәртібімен таныстыру мақсатында ағымдағы жылдың 14 наурызы күні тілдер кафедрасының бастығы, полиция майоры А.Б. Айсенов және тілдер кафедрасының аға оқытушысы, полиция подполковнигі Е.Қ. Деріпсалдин Қостанай қаласындағы Дарынды балаларға арналған “Білім-инновация” лицей-интернатының 11-сынып оқушыларымен кәсіби бағдар беру жұмысын өткізді.


Кәсіби бағдар беру жұмысында оқушыларға алдымен Академияның тарихы туралы, оқу орнының атымен аталатын генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаев туралы жалпы мәлімет берілгеннен кейін үміткерлердің оқуға түсу процедуралары және оларды тікелей қабылдау бойынша оқуға түсу ақпараттары ауызша және бейне материалдар, слайд-презентациялармен түсіндіріліп, ақпараттық материалдар таратылды. Оқушылардың академия қызметкерлеріне қойылған қызықты да мағыналы сұрақтарына толық жауаптар берілді.

Жалпы кәсіби бағдар беру жұмысы бойынша іс-шараға аталмыш лицей-интернатының 11-сыныптарынан 47 оқушы қатысты. Кездесу соңы болашақ мамандық иелерімен естелік фотосуретке түсумен ұласты.

 

 

Тілдер кафедрасының аға оқытушысы,

полиция подполковнигі Е.Қ. Деріпсалдин