Академиядағы әсерлі кездесу

Жақында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына Қостанай жоғары мектебінің бұрыңғы басшысы,  ҚР ІІМ танымал қызметкері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, құқықтану доценті, ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденұлы Қабденов қонаққа келді.

Талап Қабденұлы Қостанай қаласына қашанда жол сапарымен келсе өзі басқарған оқу орнына соқпай кетпейді. Өйткені аталмыш оқу орнының ұжымын, өзі біршама уақыт басқарған мекемені ұмыту мүмкін емес екеніндігін қашан да өз сөзінде айтып жүреді.

Ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденұлы Қабденовтің басқару жылдарында оқу орнының материалдық – техникалық базасы құрылды және жақсарды, мектептер қалаға орын ауыстырылды, оқу процесі, ғылыми процесі жетілдірілді.

Жалпы сол уақытта академия тарихында екі ірі тарихи оқиғалар атап өтілді. Олар: 1997 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген, ҚР ІІМ Қостанай жоғары мектебіне оқу орнының Туы табыс етілді.

1997 жылғы 16 шілдеде ҚР ІІМ Қостанай жоғары мектебіне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев келді, ол елдегі ішкі істер органдары үшін жоғары білікті мамандарды сапалы дайындау бағытындағы педагогикалық ұжымның жұмысына жоғары баға берді. Құрметті қонақтар кітабына Елбасы «Қостанай жоғары милиция мектебінің қызметкерлеріне және тыңдаушыларына Отанға адал және мінсіз қызмет етуін тілеймін» деген тарихи жазба естелігін қалдырған. Айта берсе Талап Қабденұлының кезінде атқарылған істер ұшан-теңіз.

Сол жасаған игі істері үшін Академия ұжымы ол кісіні қатты қадірлейді, білікті басшы ретінде құрмет тұтады.

Академия қабырғасына су жаңа қара тұлпарымен кірген генерал мырзаны Академия бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов өз орынбасарларымен салтанатты түрде генерал пәрменімен  қарсы  алды.

Ішкі қызмет генералы Талап Қабденов басшылық құраммен кездесіп, өзінің ақыл- кеңесімен, мол тәжірибесімен бөлісті.

— Мен басқарған жылдары жоқтан бар жасайтын едік. Ал қазір заман басқа, бәрі бар. Академияның сыртқы-ішкі көрінісінің әдемілігі керемет көз тартады. Курсанттарының да жүріс-тұрысы өзгерген, өте мәдениетті. Оқу сапасы да көңіл қуантарлық. Дегенмен әлі де атқарылатын ұжымдық жұмыстардың көп екенін түсінемін. Мен Сіздерге осы атқарып отырған жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, — деді Талап Қабденұлы.

Қадірменді қонақтың ізгі тілегінен, ақыл – кеңесіңінен кейін Академия бастығы полиция генерал-майоры  Мирлан Қызылов академияның тыныс – тіршілігімен етен таныстырып, болашақта атқарылатын жұмыс бабымен таныстырды.

Шырақбек атамызға қойылған ескерткіштің тарихымен таныстырып, Академияның мұражайын аралатып, ішіндегі құнды жәдігерлерді тамашалатты.

Кездесу соңы естелік фото суреттерге түсумен ұласты.

Академияның баспасөз хатшысы М. Оспанов