Қалибек Деріпсалдыұлының асқаралы 65 жасқа толу мерейтойынан бір үзік сыр

Қазақ халқының дәстүрлі әуені – рухани мұраның ең бай қазынасы. Ғасырлар бойғы сынақтан өтіп, халық дарындылығы мен даналығын көрсете білген, үшінші мыңжылдықта ол ерекше тарихи маңызға, көркемдік те, мәдени де бағалылыққа ие болды.

Қазақ даласы ғасырлар бойы шабытты поэзиямен, орынды шешендікпен, жігерлі күйлер және шын жүректен шыққан әндермен өмір сүрген. Әуенмен қазақтың бүкіл өмірі байланысты – ол тойларда, салт-дәстүрлер мен ырымда, күнделікті еңбекте және басқа жерлерде айтылады. Қазақ халқы таң қаларлық музыкалық дарындылығымен ерекшеленеді, әр отбасында дерлік жақсы ән айтатын немесе халық аспаптарында дарынды ойнайтын, ең болмағанда бір адам табылады.

Халық арасында «Алла әрбір қазақты жаратқанда жүрегіне әннің бір бөлігін сіңірген» — деген қанатты сөз бар. Осы бір өлмес сөзге қарап-ақ қазақтың жаратылысы ән мен күйден тұрады десек артық айтқандық болмас.

Қазақ халқында «Шәмші, Шәмшінің әні» десе, ішкен асын жерге қоймайтын жан жоқ. Адам жүрегін тебірентетін сезімдердің қайсысы болмасын – асыл ана, ардақты әке, мөлдір сезім, шынайы махаббат – осының бәрі Шәмші әндерінің тақырыбы десек – артық айтқандық емес… Шәмші атамыз, бар қазақтың мақтанышы. Шәмші Шәуілдірдің – сазгері.

Ал менің әңгімемнің бас кейіпкері Қостанай мен Торғайдың Шәмшісі атанып жүрген, белгілі сазгер, Қазақстан Республикасы композиторлар Одағының мүшесі, жерлесіміз Қалибек Деріпсалдин ағамыздың шығармашылық өмірі туралы болмақ. Ол кісінің отбасы туралы қазіргі баспасөз беттерінде көптеп болып жазылуда. Ал менің жазар шығармам ол кісінің бір сыры мен қыры, шығармашылық кеші туралы бір үзік сыр шерткім келіп отыр.

Жалпы Қалибек ағаны өз басым Қостанай қаласына келгеннен бастап танимын. Етене жақсы араласпасам да той-домалақтарда, мәдени іс-шараларда көріп қалсам сәлемімді беріп, амандасып тұрамын.

Енді міне, бір мекемеде жұмыс істеген соң, жақсы араласып, жақынырақ танысып, кейде сырласып, әңгіме-дүкен құрып қалатын кездеріміз жиі-жиі болып тұрады. Белгілі сазгер, әнші ағамыз қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында  көптен бері Тәрбие жұмысы бөлімінде мәдени ұйымдастырушы болып қызмет атқарады.

Жалпы Қалибек ағамыздың өмірбаянына қысқаша тоқтала кетейін, оқырманыма белгілі болу үшін, Қалибек Деріпсалдин — Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, Қостанай облысы Аманкелді ауданының Құрметті азаматы, әнші-сазгер.

Ағамыздың жетекшілігімен бүгінгі күні Академия қабырғасында 20 курсанттан құралған домбырашылар ансамблі, 200 курсанттан тұратын  «Шырақбек ата» хоры жұмыс істейді. Қалибек ағамыздың ерен еңбегінің арқасында осы домбырашылар хоры республикалық, облыстық, қалалық жарыстарда бәйгені бермей, қашанда жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл әрине маңдай тердің және Академия басшылығының тікелей қолдауының арқасында іске асып отырған еңбектің нәтижесі.

Қалибек ағамыз Қостанай Академияның әнұранын жазды. Ол әнұран бүгінгі күні облысымызда өтетін ірі мәдени іс-шараларда орындалып жүр. Тағы бір мақтанышпен айтатын жайт, былтыр Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Парасатты полиция» республикалық сайыста ағамыздың жазған әнінің арқасында академия қызметкерлері алғаш рет жүлделі орынға ие болып қайтты. Мұның өзі ағамыздың Академияның дамуына қосқан зор үлесі.

Қалибек Деріпсалдыұлы биыл 65 жасқа толып отыр. Осы торқалы тойдың бастамасы ретінде жақында  облыстық Л. Толстой атындағы әмбебап кітапханасының «өнер» бөлімінің ұйымдастыруымен  шығармашылық кеші өтті.

Кешке өзінің үзеңгілес достары және республикамызға белгілі ақын-жазушылар Серікбай Оспанов, Ғұмар Ахметчин, Нағашыбай Мұқатов, Ғанижамал Бердалина және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Кешке келген қонақтар әнші-сазгерге иығына шапан жауып, астына ат мінгізіп, жүректерінен шыққан жылы тілектерін, үлкендер ақ батасын берді. Ал өзі қызмет ететін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының ұжымы атынан Академия бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ербол Төлегенұлы Қаппасов құттықтау сөз сөйлеп,   Академия бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызыловтың атынан алғыс хат табыстап, естелік сый-сияпат табыс етті.

Кеш өте жоғары деңгейде өтті. Бұл шығармашылық кеш өз басыма қатты ұнады. Бүгінгі күні ағамыздың 150-ден аса әні, 4-5 күйі өмірге келген екен. Қазіргі таңда 30-дан аса әні ел арасында үлкен танымалдылыққа ие, қазіргі жастардың тілімен айтқанда «хит» әндерге айналған. Оқырманымның есіне түсіре кетейін, Серікбай Оспанов ағамыздың сөзіне жазылған «Айлы  түнде» әні барша қазақтың жүрегінен орын алды десем артық айтқандық болмас. Осы әнді кездесу барысында үлкен-кішілі болып, бір дауыста сазгер ағамызға қосылып шырқадық.

Қостанай облысының зиялы қауымы бас қосқан кездесу сұхбат түрінде өрбіді. Сазгер ағамыз өзінің бір сұхбатында алғашқы білімге, оның ішінде өнерге баулыған, олардың ақ батасының арқасында елінің сүйікті ұлы болып қалыптасуына себепші болған, қазақтың біртуар сазгері Әсет Бейсеуов пен ақиық ақындары Мариям Хакімжанованы және Ғафу Қайырбеков ата-әжелерімізді сағынышпен еске алды. Ол кісілердің берген білімдері өмір бойы бойына сіңіп, бүгінгі жетістік деңгейіне жеткенін жасырмады.

Кеште қарасөздің майталманы, әзіл сөздің әзірейілі атанған Нағашыбай ағамыздың құттықтау сөзі көпшіліктің көңілін көтеріп, дөп айтқан сөздері жұртшылықты риза етті.

— Құрметті ағайындар, бүгінгі Қостанайдың Шәмшісі атанған, Қалибек інімнің ән кешіне қош келдіңіздер! Бұл Қалибек, денесін түртіп қалсаң, ән мен күй, болмаса барлық ноталар төгілетін дарын иесі. Мұның жеке басын мақтамай-ақ қояйын, онсыз да алдыңғы буынды әріптестерім, шегіне жеткізіп айтты. Мен тек бұл кісінің ақжарқындығын, еңбекқорлығын, ел арасында соның ішінде жастардың арасында иық тіресіп, заманнан қалмай сазгер атанып жүргенін ерекше айтқым келеді.  Қалибек лирика иесі, мұның лирик болатын себебі, үйдегі келініміз Айшаның қою шайының, еркелігінің, сабырлылық пен күтім бабының арқасы деп айтуға болады.

Жалпы Қадыр Мырзалиевтің сөзімен айтқанда ақын, сазгер, өнер иесі ол аэроплан секілді, өзінің аэродромына қонғанда ғана шабыттанып, өмірге осындай халықтың жүрегінде мәңгі ұмытылмас шығармалар әкеледі, — деді ұтымды әзіл-қалжыңмен өз құттықтауында Нағашыбай ағамыз.

Кешке келген шәкірттері әрі інілері қонақтарға арнап сазгердің көптеген әндерін нақышына келтіріп орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Құттықтаушылар арасында алдағы уақытта Қалибек Деріпсалдиннің  атындағы республикалық әндер байқауын өткізуге ұсыныс жасады. Осы кезде микрофонды қолына алған Қалибек ағамыз елдің алдында жақын арада мұндай үлкен жобаның жүзеге асқалы жатқанынан сүйінші сұрады.

Бұл жобаны алдағы сәуір айының ортасына қарай «ҚазССР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Аманкелді ауданының құрметті азаматы, әнші-композитор  Қалибек Деріпсалдиннің әндерін орындаушылардың республикалық «Көктем-қыздары» ән байқауы атымен Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы» және Қостанай қаласы әкімдігі жүзеге асырмақшы екен.

Байқаудың мақсаты қазақ әндерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Қалибек Деріпсалдин шығармашылығын келер ұрпаққа жалғастыру, композитор арқылы елдің рухын биіктетіп, ән өнерін дамыту және өнер әлеміне композитор өміршең әндерімен талантты орындаушылардың жаңа есімдерін ашу болып табылады.

Міне, кішкене ғана шығармашылық кездесуде Қалибек ағамыздың сан қырлы өнері жайында сыр шертіліп, үлкен мәмілелі басқосу болды. Екі сағатқа созылған кеш, құтты бір жарты минутта өтіп кеткендей әсер қалдырды. Мына бір өлең шумағы осы өнер, дарын иесі Қалибек Деріпсалдыұлына арналғандай;

«Жақсылар жақсымын деп айталмайды,

Жамандар жақсымын деп айқалайды.

Жүрген соң бауырыңды күнде көріп

Таулардың биіктігі байқалмайды…» дегендей, шынында да ағамызбен бірге жүріп, бірге қызмет еткен соң ба, ол кісінің осындай биік тау тұлға екенін көп байқай бермейді екенбіз. Сондықтан алтынның қолда барда қадірін бағалайық  ағайын. Біз де барша ұжымның атынан сазгер ағамызды осынау торқалы тойымен шын жүректен құттықтап, отбасына амандық, шығармашылығына жемісті табыс тілейміз.

Академияның баспасөз хатшысы 

Мейрам Оспанов,

полиция аға лейтенанты

Аманат Мұрат

Фото: С. Камалов

Қостанай қаласы