Қазақ тілі курсын аяқтаған қызметкерлерге Сертификат табысталды

Қазақстан Республикасының Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» деп атап көрсетілгеніндей, тілден биік асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ. Қазақ тілін зерттеушілердің барлығы да бір ауыздан бұл тілді ең бай, ең таза түркі тілдерінің бірі деп таниды. «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы 2018 жылғы 12 қаңтарда ҚМУ-нің акт залында тыңдаушылардың тапсырған қорытынды емтихандарының нәтижесі бойынша оларға сертификаттар табыстады.

Салтанатты жиында үздік мекемелерге алғыс хат табыстау үшін Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ахметов Қазымбек Жармағамбетұлы сахна төріне шақырылып, мемлекеттік тіл саясатының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар, «Мемлекеттік тілді оқыту бағдарламасы» бойынша  В1 орта деңгей курсын табысты аяқтағаны үшін Академия қызметкерлеріне (20 адам)  сертификат берілді. Ата-бабамыз ежелден үш нәрсені қасиет тұтып, қадірлеп өткен. Ол — ел, жер және тіл. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тілін білмеген — түбін білмейді» десе, Халел Досмұхамедұлы «Тілінен айырылған жұрт-жойылған жұрт» деп керемет айтқан, яғни тіл жолындағы күрес — киелі күрес. Тілді қару еткен адамның ары да, жаны да таза деп, Қостанай академиясының 1 курс  курсанты Сарсенәлі Рүстем «Алға Қазақстан» атты әнін орындады, көрермен ретінде қатысқан 1 курстың 25 курсанты өздеріне көптеген мәліметтер алып, мемлекеттік тілді жетік білуге деген қызығушылықтарын арттырды.

Мемлекеттік тіл бөлімшесі