Жаңа жылдық демалыс

Жаңа жыл қарсаңында барлық ұжымының жиналып ескі жылмен қоштасу кешін өткізу салты қалыптасқан. Осыны 102 взводының да дəстүріне айналдыру мақсатында бəріміз отырып, қайда жəне қалай өткізу мəселесін ортаға салдық. Көпшіліктің пікіріне «Золотой Фазан» демалыс орталығы  ұнағандықтан, кешімізді «Золотой Фазан» демалыс орталығында атап өту шешімін қабылдадық. 102 взвод курсанттарының ұйымшылдығы мен ауыз біршілігінің арқасында кешті көңілдегідей атап өткіздік. «Золотой Фазан» демалыс орталығының орналасуының өзі адамдарды шабыттандырмай қоймасы анық. Әсем Тобыл өзенінің бойында, Қостанайдың көркем табиғатында орналасқан «Золотой Фазан» демалыс орталығы курсанттардың көңілінен шықты.

«Əр арыстың артында, əйел тұрады»- демекші, ұйымдастыру мәселелерінің басым көпшілігі қыздар мен куратордың мойнында болды. Демалыс орнына барғанда біздің курсанттардың қуанышында шек болмады. Бір-бірімізбен қуана əңгімелесіп, шүйіркелесіп, дастархан алдына жиналдық.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» — демекші, бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығарып жан-жақтан дастарханның қамын жасадық. Жылынып сорпа ішіп, палау жеп әлдендік, қыздар құйып берген шəйдің хош иісіне рахаттана отырып, шəй ішіп түскі асты да аяқтадық. Содан соң əрі қарай  сырғанаққа барып, жас балаша мəз-мейрам болып қуана ойнадық. Төмен қарай сырғанай жөнелгенде бойымызда болған сезімді сөзбен  айтып жеткізу қиын. Керемет болғаны соншалықты, курсанттар түнге дейін сырғанақ тепкісі келетін ойларын білдірді, бірақ уақыттың талабы қатал-ақ. Сырғанақтан  кейін курсанттар əртүрлі дəмді, тəтті тағамдарға əлденіп алған соң, бəріміз айнадай жылтыраған мұз айдынында коньки тептік. Арамызда біз білмейтін конькиді тамаша тебетін курсанттар бар екен. Соларға қарап бұрын коньки киіп көрмегендер де бір-екі рет құлап, қатардан қалыспай  коньки тебуді үйреніп алды. Бəрінің жүзінде күлкі үйіріліп бейне бір жерде емес, ертегілер елінде жүргендей əсер алдық. Конькиден соң, ұлдар бірлесе отырып тауық етінен кəуап жасады. Кəуаптың иісі мұрынды жарып, дəмі сілекейді шұбыртты. Дəмді болған соң ба? тез арада жеп қойдық. «Золотой Фазан» демалыс орталығының кафесінде музыка қосып, билеп те алдық. Осылайша академияға қайтатын уақыт та жетті. Біз үшін бұл демалыс ерекше маңызы зор, орны биік, естен кетпес демалыс болды. Курсанттар демалып, бір сергіп, взводтағы курсанттардың бір-біріне деген қарым-қатынасы да, силастығы да одан əрі нығайып арта түсті. Бұл демалыс біз үшін татулық пен ауыз біршіліктің сипаты болып ғана қоймай, кураторымыз Нурмаганбетова Жанна Кенжеғалиевнаның бізбен əрқашан бірге екендігін, бізді əр уақыт қолдайтынын білдірді. 102 взвод курсанттарында осы демалыстан кейін академия өміріне жəне сабаққа деген жаңа құлшыныс пен құштарлық, белсенді көзқарастары пайда болды. Осылай  бос уақыттарымызды қажетті естеліктерге толтыруға мүмкіндік берген Қостанай қаласы Ішкі Істер Министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының басшылары мен кураторымыз полиция майоры Нурмаганбетова Жанна Кенжеғалиевнаға алғысымызды білдіреміз.

102 взвод курсанттары

Максетова Гулнур

Ерболат Лашын