Қайырымдылық – адам жанының нұры

«Қостанай қаласының әйелдер мен балаларға арналған бейімдеу орталығы» МКМ қызметкерінің —  «4 айлық сәбиді жалғыз басты анасынан айырмау үшін  бүлдіршінге қажетті жағдай жасауға үлес қоса аласыз ба?» деген өтінішіне көңіл аудармау мүмкін емес. Әрбір бала, балалар үйінде емес, туған анасының жанында тәрбиеленуі, өсіп-өнуі қажет. Осы мақсатта сәбидің күнделікті өміріне ең қажетті заттардың бірі   кереуетпен қамтамасыз етуді шешіп, 1 курстың 102 взвод курсанттарымен аталған мәселені талқыладық. Алдымызға қойылған мақсатты орындау барысында курсанттардың арасындағы ұйымдастырушылық, жауапкершілік қасиеттер айқын көрінді.  Осы іс-шараның басты мақсаты жастардың бойында қайырымдылық, бауырмалдық сезімін оятып, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр тәлкегіне ұшырағандарға көмектесудің маңызыдылығы жайында түсіндіру еді.

Халқымыз қашан да қайырымдылықтан кенде болмаған, мұқтаждарға  көмек көрсеткен, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Бұл қасиет халқымызға тән  болмыстың құрамдас бөлігі болса керек, курсанттардың мейірімділігі мен қайырымдылығы бірден байқалды. Осындай ата-бабалардың игі дәстүрін осы замандағы ұрпақтары жалғастырып келеді. Қайырымдылық таныту, қиын сәтте өзгелерге демеу беру, ол адамгершіліктің, мейірімділіктің белгісі болып танылады. Бір-бірімізге қайырымдылық, мейірімділік болған жерде бірлік пен ынтымақтық бірге жүретіні туралы  пікір 102 взвод курсанттарының ойынан табылуы қатты қуантты.

«Қостанай қаласының әйелдер мен балаларға арналған бейімдеу орталығы» МКМ  табалдырығын алғашқы рет аттаған 102 взвод курсанттары Максудов Абдулазиз және Жанарбек Нұрдаулет орталықтың өмірімен танысты. Алдағы уақытта взводтың барлық курсаттарының қатысумен осы орталықта тұратын балалар үшін үлкен бір қайырымдылық акциясын ұйымдастыру ниеттерін білдіріп, жаңа жоспарға кірісіп кетті. Жастардың оң қадамдарына ризалығымды білдіріп, қазақ халқының келесі асыл сөзін айтқым келеді:

 Өзін ғана  ойлаған, жамандықтың белгісі.

Өзгені де ойлаған,  адамдықтың белгісі.

102 взвод кураторы

полиция майоры

Нұрмағанбетова Ж.К.