Жетім көрсең, жебей жүр!

Жуырда «Qostanai» ұлттық арнасының эфирде ұсынылған отбасылық құндылықтарды насихаттайтын «Ақ орамал» ток-шоуында бақытсыз балалық шақтың күйін кешкен, ананың ыстық алақанын сезінбеген, жанары жасқа толы, жүрегі жаралы, жанашыр жандары жоқ, ана мен әке мейіріміне зәру жандар туралы сөз қозғалған болатын. Қазақ «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» ел еді, дегенмен қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінен «Балалар үйі» ашылуда. Ресми деректер бойынша елімізде жүз мыңға жуық жетім бар. Демек, қанша жетім бар болса, сонша тағдыр да бар деген сөз. Дегенмен, бұл тақырып бей-жай қалмады. Осындай еліміздің өзекті тақырыптарының бірін талдау үшін, сәбидің көз жасына қалмас үшін не істеу керек деген сұрақтарға жауап беру үшін «Ақ орамал» бағдарламасына арнайы қонақтар шақырылған болатын. Сол қонақтардың бірі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы Тәрбие бөлімінің бастығы полиция полковнигі  Б. Құрманғалиева болды.

Жалпы бағдарламның басты мақсаты – «Жетімдер үйі» не болмаса олардың тағдыры туралы баяндау емес, осы тақырыптың төңірегінде біздің қоғамда қазақтың ежелден қалыптасқан, санаға сіңген салт-дәстүрін жалғап келе жатқан бауырмал, жүрегі кең жомарт жандардың барын көрсету еді. Бүгінде бірігіп жасап жатқан жұмыстардың нәтижесінде балалардың құқықбұзушылыққа бару мәселелері алдын алуда. Сол жұмыстарға біздің де оқу орнымыз өзінің айтарлықтай үлесін қосуда. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясындағы жасөспірімдер, жастар ортақ қызығушылықтары бойынша бас қосып, әскери-патриоттық тәрбие сабақтарын өткізу үшін құрылған «Сақшы» әскери-патриоттық клубының қатарына жасөспірімдердің болашақ өмірлеріне бағдар беру мақсатында Балалар үйінің тәрбиеленушілері алынған болатын. Дана халқымыз «Балалы үй — базар, баласыз үй қу мазар» деп, баланың көптеп дүниеге келуін тілеп, ұрпағының көбейіп, шаңырағының кеңейгенін жақсылыққа балаған. Шындығында да солай, әр үйдің қуанышын молайтып, ата-ананы бақытқа бөлеп, былдырлаған тілімен, сыңғырлаған күлкісімен үйдің сәнін кіргізіп, тәп-тәтті қылығымен қандай мұңды да жеңілдетіп, көңіліңді көтеретін жас сәбидің бал үніне жететін бақыт жоқ шығар. Әрине, бізден оларға ақша да, киім де қажет емес. Тек басынан бір сыйпап, бір жылы сөз айтсаң, мейірімге бөлесең болғаны. Сондықтан «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші жаны жаралы жандарға біріге отырып қол ұшін беру қасиетті міндетіміз болып табылады.

Академия баспасөз қызметінің мүшесі 2 курс курсанты

Э. Каначина