Күздің жайдарлы күні

Демалыс күндері қаламен танысуды дәстүрге айналдыруды мақсат еткен 1  курстың 102 взводы, осы жексенбі күні Қостанай  облыстық тарихи-өлкетану мұражайына саяхатпен бастады. Аталған мұражайда өлкенің тарихы мен осы өлке халқының мәдениетін көрсететін көптеген көрмелерді тамашалады. Біздің келгенімізге аса қуанған мұражай қызметкерлері өлке тарихын айтты және мұражай коллекциясын  көрсетіп, жаңа келушілерді тартуға  бағытталған қызықты оқиғаларды әңгімеледі. Әрбір курсант  ерекше қызығушылық танытатын  мұражай бөлімдеріне ерекше көңіл бөлді.

 

Біреулерді жан-жануарлар бұрышы, өзгелерін тұрмыстық заттар, қазақ киіз үйінің қайтадан жасалған жиһаз бұйымдары мен қоныс аударған-славян үйінің үлгілері қызықтырса, арамыздағы Гүлнұр қызымыз ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ зергерлерінің зергерлік бұйымдары мен тамаша ұлттық киім коллекциясына көз тоқтатты.

 

Академия аумағынан белгілі бір жоспармен шыққан курсанттар, мұрайжайды аралап болған соң, далада серуендеп қайтсақ деген ниет білдірді. Сол сәтте қостанайлықтардың орталық стадионға «Тобол» мен «Атырау» футбол командаларының арасындағы маусымның ақырғы ойынын көруге жиналып жатқаны есіме  түсті. Футбол қарауға қалай қарайсыңдар деген ұсынысымды қуана қолдап, орталық стадионға жол тарттық. Арамызда атыраулық екі курсант жерлестерін көріп, өздерінің туыстарын көргендей мәз болды, жанкүйерлік сезімдерін көрсетті. Сөйтіп Тобол мен Атыраудың ойыны 2-0 есебімен аяқталды.  Табиғаты құбылмалы Қостанайдың ауа-райы да демалысымызды қолайлы өткізуге өз септігін тигізді. Күздің жайдарлы, жылы болуы бізді қатты қуантып, көңілімізден шықты.

102 взвод кураторы

полиция майоры

Нұрмағанбетова Ж.К.