Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына арналған әдеби кеш

Биыл қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, Қазақстан ғылым академиясының ірге тасын қалаушылардың бірі академик, филология ғылымының докторы, профессор, аудармашы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың туғанына 120 жыл. Осы іс-шара негізінде М. Әуезовтың мерейтойына арналған ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының кітапханасында «Мұхтар Әуезов және Абай әлемі» атты әдеби кеш өтті.

Кешті 1 курс курсанттары Нақыпбеков Сырым (101 топ) қазақ тілінде, ал Талғатқызы Диана (107 топ) орыс тілінде жургізді. Бала Мұхтарды алты жасында данышпан Абай алдына алып, маңдайынан иіскеп, әлдебір үміт күкендей мейірлене қарағандығын, сонымен қатар есейгенде бүкіл саналы өмірін, шалқар дарыны мен қажымас қайратын туған халқына, аяулы Отанына арнап өшпес із тастаған, әдебиет, өнер, ғылым атаулының қай саласында болмасын оқшауланып көрінген Ұлы тұлға екендігін тыңдармандарға жеткізе білді.

Курсанттар Есенұлы Н.(101 топ) М.Құрманалиннің Мұхтар Әуезовке арнаған «Алып аға», Шірінбек С. (107 топ) «Мұхтар аға», Ибрагим А. (107 топ), О. Асқардың «Ұстаз Мұхтар Әуезов», Максудов А. (102 топ) Ғ. Қайырбековтың «Баллада о скромности», Отарбек М. (107 топ) С. Мауленовтың «Үнсіздік» атты өлеңдерін оқыса, жас талант Ерболат Лашын (102 топ) өз шығармасы «М.Әуезовке арнау» өлеңін көпшілікке тарту етті.

Домбырашылар: Сәрсенәлі Р., Нуркушева М., Казмағанбетов Қ., Танатов Б., Сұлтанаова Г. домбырада күй ойнап, өз өнерлерін көрсетсе, Мұратбекова А. Абай әндерін нақышына келтіре орындады.

Кеш соңында М.Әуезов толғаған қазақтың кең байтақ даласының баласы, қазақ әбебиетінің негізін қалаушы, ақын Ұлы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін шараға қатынасушылар қосыла шырқады.

Осы кештің өтуіне курсант Құсайынова А. (107 топ) зор үлесін қосты. Кешті Академия бастығының ғылыми істер жөніндегі орынбасары полковник С.Н.Бачурин қорытындылап, курсанттарды Отандық жазушылардың шығармаларын жиі оқып тұруға үндеді.

Кітапханашылар:

Р.Нұрханова

Қ.Арғынгазина