Рухани жаңғыру-табысты ел болуымыздың кепілі

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық, рухани кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.

2017 жылдың 18 қазанында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру – әдістемелік орталығының ғылыми қызметкері, саясаткер, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы Асанғазы және Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Ермашқызы Мендекинованың қатысуымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын ел арасында насихаттауға байланысты кездесу өткізілді. Кездесуге Академия басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, сондай-ақ 1,2,3 курс курсанттары да қатысты.

Іс-шараның басында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы, профессор, заң ғылымдарының кандидаты, полиция генерал-майоры Мирлан Ахмедияұлы Қызылов Академия тарихына, маңызды қағидаларына осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріне ерекше тоқтала кетті.

Бұл келелі кездесу бұрыңғы кездесуден өзгеше екенін тіпті жиынға жиналған көрермендердің көңілінен шыққанын айта кету қажет. Жасыраты жоқ кейде осында салмақты, салиқалы бас қосуға жиналған кейбір қонақтар жиыл жұрттың көңілінен шыға алмай, тақырыптарын аша алмай, тіпті өздері не айтып отырғандарын өздері білмей, дүбара жиналыс өткізетіндерін көзіміз көріп жүр. Ал бүгінгі Оразкүл апамыздың орақ тілді ауызынан шыққан отты сөздері мен терең мағыналы ойлары жиылған жастарымызға салмақты ой салды. Бұлай дейтін себебім Оразкүл Асанғазықызы кездесу барысында қазақ ұлтын оның діні мен ділін және тілін дамыту туралы Елбасымыздың мақаласын мысалға келтіре отырып, халыққа әдемі қалпында жеткізе білді. Елбасымыздың ұлт үшін жанын қиятындығын, заман талабына сай елдің ауыз біріншілігін сақтай отырып, көштен қалмай дамуға бағыт сілтейтінін айтып өтті.

Оразкүл Асанғазықызы қоғамда болып жатқан әртүрлі жағдайлар мен өзекті мәселелерге бей-жай қарай алмайтынын айтып, жаһандану жағдайында ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды қалай сақтап қалу керек, міне, осы тарапта намысты қайрап, ұлтжандылыққа үндейтін ойларын ортаға салды. «Жалпы Елбасымыздың бұл мақаласы ұлттық тіліміз – қазақ тілінің өз тұғырына орналасуына жол береді, қазақ халқының ұлт болып қалу көрсеткіші – қазақ тілінде. Кез келген мемлекеттік қызметкер, елін сүйгіш адам қазақ тілін білуі керек. Себебі, қазақ тілі – мемлекетіміздегі үш тілдің бірі емес, қазақ тілі – ең маңызды, ең негізгі тіл болып табылады. Адам білімінің көрсеткіші де – өз тілін білу мен жетік меңгеруінде. Экономикасы, саясаты және әлеуметтік жағдайы дамыған 30 елдің қатарына қасиетті, ұлттық тіліміз арқылы кіруіміз қажет. Қазақстанда «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп жазылғанына жиырма жылдан асса да, мемлекеттік басқару органдарындағы азаматтар осыны айтуға шынымен жол беріп отыр. Мысалы, біздің қоғам, қарапайым ортадағы азаматтар тілге ден қойып, балаларын қазақша оқытуға тырысып, қазақша сөйлеп жатқанымен, басқару ісіндегі жағдай бері қарамай тұр. Мемлекеттік тіл қоғамның барлық саласында өз деңгейіне жеткен жоқ. Сондықтан да, қазақтың өзі толық өз тіліне ие болмайынша, әлгіндей теріс пікірлер айтыла береді. Бұл – қазақтың намысына байланысты мәселе. Қазақтың намысы оянбаса, әлгіндей адамдардың өз мемлекетіне деген азаматтық мәдениеті қалыптаспайды. Олар мемлекеттік тілді білу саналы азаматтың адами міндеті екендігін ұғынғысы да келмейді. Тіл мәдениеттің де, білімнің де негізі екендігін ең алдымен өз жастарымыз ұққаны жөн. Әлемдік тәжірибелерге сүйенсек, Гарвард университетін отыз жылдан астам басқарған Чарльз У.Эллиот: «Мен білімділіктің маңызды бөлігі ретінде зияткерліктің бір ғана қажеттілігін мойындаймын, ол – ана тілін айқын әрі мүлтіксіз меңгеру» депті. Әлемге әйгілі оқу орнын басқарған білімді де, білікті адамның сөздері бүгіндері сол Гарвардта, Батыстың басқа да оқу орындарында білім алып келген немесе білім алып жатқан, бірақ өзінің ана тілін білмейтін жастарымызға өнеге болса игі деймін. Сонда басқалары да тілімізге құрметпен қарайтын болады»- деді тіл жанашыры.

Міне, қаншама көкейкесті, қазақи рухты көтеретін адами құндылықтар жайлы өзекті мәселелерқарастырылды. Оқытушылар құрамы мен курсанттар қатарынан қонақтарымызға жаһандану, адам санасының жаңғыруы жайлы көптеген сұрақтар қойылды. Бұл кездесуден түйген түйініміз парасатты, ақылы биік, көкірегі ояу, көзі ашық, білімді, Отансүйгіш, намысшыл, ұлтжанды азамат болу және ұлттық құндылықтарымызды сақтай білу үшін ең алдымен, өз тіліңді құрметтеп, ана тіліңде еркін сөйлей білу. Себебі, ұлттық қасиетіміз – ана тілінде.

Кездесуден кейін тарихы тереңде жатқан оқу орнымызды толығырақ танып білу үшін қонақтарымыз Академия мұражайына барып, оқу орнымызға атағы берілген қазақтан шыққан тұңғыш Қазақ КСР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбаевтың өмірбаянымен танысты.

Қорытындылай келе, сөз соңында «…Өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жал­ғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдесіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр» деген Елбасы мақаласының қорытынды сөздері шынымен ерекше әсер қалдырғанын айтқымыз келеді.
Рухани жаңғыру арқылы тұғыры биік, болашағына сенімді, барша әлем мойындар табысты ел болуға ұмтылайық ағайын!

Оразкүл апамыздың кездесуінен кейін көпшілігі рухани байып, намыстары жігерленіп, ұлтқа деген сүйіспеншіліктері оянып қалғандарын біз тілшілер қырағы байқап қалдық. Кездесуде көптеген ойлар, қызық ұлтының ұлт боп қалыптасуы туралы, әсіресе қыз-келіншектерге деген орынды ой-толғамдар, тәрбиелі қанатты сөздер мен өмірде болып жатқан келеңсіз әрекеттер туралы ойлар айтылды. Тіпті өмірі жұмған ауызын ашпайтын курсанттарда ойларында жүрген срақтарын айтып, оған тұщымды жауаптар алып бір марқайып қалды.

Ал Оразкүл апамыздың жастарға айтқан салмақты ойлары туралы тағы бір мақаламызда жариялаймыз.

                                                                 

 

Академияның баспасөз қызметі

Мейрам Оспанов және

полиция қатарындағы Э. Канатчина