Мемлекеттік тіл – менің мәртебем

Мақаланы Елбасымыздың мына бір қанатты сөзімен бастағым келіп отыр: «Қазақстанның болашағы қазақ тiлiнде, тiлсiз ұлт болмайды. Өз тiлiмiздi сақтау, өз тiлiмiздi құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етедi әрi ата-баба алдындағы ұлы парызымыз!»

Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай, өткен апта Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында «Тілдер апталығы» болып жарияланды.
Осы апталық шеңберінде Академия қызметкерлері және білім нәрімен сусындап жүрген курсанттар өз сабақтарын және қызмет бабын тілге байланыстыра көптеген іс-шаралар ұйымдастырды. Мәселен, кейбір бөлімшелер мен қызметтер бірігіп, тілге байланысты қабырға газеттерін шығаруды ұйымдастырса, профессорлық-оқытушылық құрам көптілділікке арнап арнайы ашық сабақтар өткізді.

Жалпы осы тіл апталығы аясында Академия бойынша 19 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары құрылып, оның барлығы өз деңгейінде ұйымдастырылып, аталып өтті.

Кітапханашылар қазақтың ұлы классик жазушыларының шығармаларынан тұратын кітап көрмелерін ұйымдастырса, бірінші курстың курсанттары Қостанай облысына белгілі жас ақын-жазушылармен кездесіп, тіл туралы өлеңдерін оқып, тағылымы терең, мағынасы мол әдемі кездесу жасады.

Ауыз толтырып айтарлықтай шаралардың бірі ретінде, мемлекеттік тіл бөлімшесі мен баспасөз қызметінің Академия деңгейінде ұйымдастырған «Туған тілдің тұғыры» атты дөңгелек үстелді айтуға болады.

Бұл дөңгелек үстел жұмысына Академия бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов, Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Ербол Қаппасов және «Тілдарын» Қостанай облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айткүл Доспанова, Академия қызметкерлері мен курсанттар қатысты.

Басқосуды Академия бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Ахмедияұлы алғы сөзбен бастап, жалпы елдегі, оның ішінде Академиядағы тіл мәселесіне тоқталып, Елбасымыздың жариялаған мақаласын және Жолдауын мысалға келтіріп, өз ойын ортаға салды. Елімізде қазақ тілінің дамуы әлдеқайда ілгері басып келе жатқанын, бұрынғыдай емес, халықтың мемлекеттік тілсіз болашақта күн көре алмайтындығын түсінгенін тілге тиек етті. Академия қабырғасында да тілге байланысты көптеген шаралар атқарылып жатқанын мақтанышпен жеткізді. Басшы өз кіріспе сөзін аяқтаған соң, Академияда мемлекеттік тілдің дамуына өз үлестерін қосып жүрген бірқатар қызметкерлерді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қ.Н. Қасымовтың грамотасымен марапаттады. Одан әрі, дөңгелек үстел жұмысына дайындалып келген баяндамашыларға сөз кезегін берді.

Академия қызметкерлері: Болат Әлпейісовтің «Қазіргі Қазақстандық мемлекеттің қалыптасуындағы Алаш Орданың рөлі», Әлібек Табулденовтің «Қазақ тілінің кириллицадан латынға кезең-кезеңмен көшуі», Берік Сұлтановтың «Үштілділік – заман талабы», Айткүл Доспанованың «Қазақ тілін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері», 4 курс курсанты Руслан Ілиясовтың «БАҚ-тағы қазақ тілінің рөлі», Құрбанәлі Елмұратовтың «Жаңа қазақ әліпбиі жөнінде» атты баяндамалары тыңдалып, жиналған көпшілік еркін ойда пікір алмасты.

Осы баяндамалардың арасында көпшілікті толғандырып жүрген кириллицадан латынға көшу туралы мәселеге ерекше назар аударылды. Онда көптеген тұщымды ойлар айтылды, ғалымдардың әліпби туралы ғылыми зерттеулері мысалға келтіріліп, қызу тартысты ой-пікір жарысы болды.

Дегенмен, пікір таластыра келе, барлық дөңгелек үстелге қатысушылар бірауыздан елдің көтеріп отырған саясатын қолдайтындықтарын жасырмады.

Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылаған Академия бастығы Мирлан Ахмедияұлы өз ойын былайша тұжырымдады:

«– Елде болып жатқан оң саясатты қолдауымыз қажет. Себебі Елбасымыздың салиқалы саясаты елді ешқашан адастырған емес. Ол кісінің бір істі бастаса, жауаптылықпен алып шығатынын біз бәріміз күнделікті өмірде көріп жүрміз. «Жаһандану – ол біздің есігімізді қақпайды, ол бірден төрге шығып, өз үстемдігін жүргізеді», сондықтан дамып жатқан көштен қалуға болмайды».
Міне, осылайша көптен күткен бас қосуымыз өз мәресіне жетіп, академиядағы бір апта осылай өте шықты.

Мақаламның соңын мына бір оймен аяқтағым келеді. Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы тиіс, дегім келеді. Ана тілімізді апталықта ғана еске алмай, әр күн, сағатта ойдан шығармайық. Тілдің дамуына біз бен сіз үлес қоспасақ, онда біздің күнде мінберден «мен патриотпын» деген ұранымыз жай ғана сөз болып қалмасына кім кепіл?…

Академияның баспасөз хатшысы Мейрам Оспанов
Фото: С. Камалов,
Қостанай қаласы