Ағылшын мамандарының қатысуымен өткен сабақ

2017 жылғы 27 қыркүйекте күндізгі оқыту факультетінің 4 курсының 410 тобымен «Халықаралық пенитенциарлық құқық және қазіргі пенитенциарлық жүйелер» пәнінен «Бірқатар континенталдық Еуропа мемлекеттерінің пенитенциарлық жүйелері» тақырыбы бойынша ашық сабақ өткізілді. Осы пәнді оқу барысында курсанттар сотталғандармен қарым-қатынасты реттейтін халықаралық құжаттармен танысады, шет елдердің түзеу мекемелерін зерттейді, олардың қылмыстық жазаларды атқару тәртібін, сотталғандарды ұстау жағдайларын қарастырады, кәмелетке толмаған сотталғандар мен әйел сотталғандарды ұстау ерекшеліктерін, оларға қолданылатын жаза түрлерін зерттеп біледі. Бұл пән «Құқық қорғау қызметі» мамандығының қылмыстық-атқару мамандандыруы бойынша білім алып жатқан курсанттарға оқытылады.
Пән оқытушысы қылмыстық, қылмыстық-атқару құқығы және криминология кафедрасының оқытушысы полиция майоры Суйеубаева Замзагүл Мырзалықызы Франция, Германия, Швейцария, Италия, Голландия мен Бельгия елдерінің мекемелері, сотталғандардың құқықтары мен міндеттері жайында курсанттардың көзқарастарын қалыптастыруға тырысты. Сабақ тренинг түрінде өткізілді.
Халықаралық сарапшы Томас Паттерсон сабаққа талдау жасады. Тренинг тәсілімен өткізілген сабақтың мақсаты – Еуропа елдерінің пенитенциарлық мекемелерін танып-білу, тәжірибесін зерттеу, жазалардың орындалуын құқықтық реттеу, Қазақстан Республикасының қылмыстық жазаларын атқару тәртібімен салыстырмалы талдау жасау болды. Курсанттар дәріс сабағында берілген тапсырмалар бойынша 3 топқа бөлініп, әр елдің түзеу мекемелері, оларды ұстау жағдайлары, сотталғандар саны жайында мағлұматтар жинап, слайд, бейнероликтер көрсетіп, ақпараттарымен бөлісті. Топ мүшелері ақпарат бөліскеннен кейін, қалған курсанттардан меңгерген білімін тексеру мақсатында класстер жасап, сұрақ-жауап арқылы тексеруге тырысты.

Қылмыстық, қылмыстық-атқару
құқығы және криминология
кафедрасы