Ерлер ел арасында немесе Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттарының ерлігі туралы үзік сыр

Бейбіт елде ерлік жасаған ерлер кей-кездері өз деңгейінде бағалана бермейді. Мәселен ұрлық жасағанда ұстап алса немесе енді жанып жатқан өрттен немесе суға жаңа батып бара жатқан адамдарды құтқарған кездердегі оқиғаларды айтуға болады. Кейбіреулер ерлікті оққа төсін тосқан адамдарды ғана батыр деп ойлайды. Жоқ олай емес, менің ойымша қылмыстың алдын алған адамда өз уақытының батыры деуге әбден болады. Қажет болса қолдан келгенше бағалай білу қажет.  Менің бүгінгі қаламымды тербеуге себепші болып отырған төмендегі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қанды қол қарақшының бір әйелдің қолындағы 35 мың теңге тұратын велосипедті алмақшы болған кезде  араша болған курсанттардың ерлігі туралы еді.

Бұл биылғы жылдың 24 тамыз күні кешкі сағат 22.40 уақыты шамасында болған оқиға еді. Әңгімені оқырманға түсінікті болу үшін басынан бастайын.

Болған оқиғаны маған ерлік жасаған курсанттардың  өздері айтып берді.

— 24 тамыз күні кешке таман қараңғылау уақытта мен Жанболат Жанатай, Арыстан Серікбаев және Адил Салимов үшеуміз үйге келе жатқанбыз. Артымызда бір айел баласымен велосипедтерін сүйретіп келе жатқан болатын. Біз бейтаныс әйелден ұзап кете бергенде бір 35 жас шамасындағы жігіт келіп, баласының велосипедін жұлқылай бастап, тартып алып кетті. Бір кезде әйелдің «құтқарыңдар»  деген дауысы естілді. Біз үшеуміз еш ойланбастан ұрының соңынан жүгіре жөнелдік. Біздің «тоқта» деген сөзімізге қарамастан жылдамдығын арттырып қаша жөнелді. Біз ұрыға жетіп алып, үшеуміз Академия қабырғасында ұстаздарымыздың әскери жауынгерлік сабақта үйреткен әдістерін қолданып, ұрыны ұстап, жауынгерлік әдіспен залалсыздандырдық. Осылай ұстап тұрғанда қасымызға бейтаныс әйел келіп алғысын айтты. Сосын ол кісі біздің ұрыны ұстап тұра тұруымызды өтінді. Сәлден соң полиция қызметкерлерін шақырып, ұрыны солардың қолдарына тапсырдық. Бізге қомақты баға тұратын велосипедті ұрының қолына қолды қылмай, адамдардың өміріне қауіп төндірмегеніміз үшін полиция қызметкерлері алғыстарын білдіріп, сол жерде аты-жөнімізді жазып алып бізді жөнімізге жіберді.

Біз келесі күні Академияға келіп, Академия басшылығына және өзіміздің курс бастығы полиция майоры Марат Мурзагалиевке  болған оқиғаны мәлімдеп, айтып бердік, -дейді оқиғаны бүкпесіз баяндаған 4 курс курсанты полиция қатарындағы Жанболат Жанатай.

Бізде осы оқиғаны ести сала жәбірленуші ханымға хабарластық. Тіпті келесі күні арнайы алғыс хатымен Академия қабырғасына келіп, курсанттарға және Академия басшылығына алғысын жеткізді.

— Мен Ольга  Владимировна Федянович, Сіздердің тәрбиелі де тәртіпті әрі батылдық жасаған батыр курсанттарыңызға шексіз алғысымды білдіремін.

Егер Сіздердің батыл жүректі курсанттарыңыз болмағанда оқиғаның соңы қалай аяқталар еді. Өйткені қолында пышағы бар, ұры бізді қатты қорқытты. Балам ұрының қолынан жібермеймін деп қатты ұстағанымен әккіленген ұры қаршадай балама күш көрсетіп, қолындағы велосипедті тартып әкетті. Мен қаншама жібермеуге әрекет жасасам да қарақшының қолындағы пышақтан қорқып қалдым. Содан не керек бар дауысыммен адамдардан көмек сұрадым. Менің жан дауысымды қасымда өтіп бара жатқан адамдар естігенімен әдейі естімегендей өте барды. Сол жерде не істерімді білмей, «садақа басымыз аман болсын» деп тұрғанда,  Сіздердің курсанттарыңыз ұрыны ұстап бізді қасына шақырды. Кейін полиция қызметкерлеріне ұрыны ұстап беріп, біз үшін үлкен ерлік жасады.

Қазіргі уақытта жасыратыны жоқ, жастарымыз мұндай келеңсіз оқиғаларға немқұрайлы қарайтыны жасырын емес. Бізді танымаса да өз өмірлерін қатерге тігіп , адамдарға жақсылық жасай білген жоғарыда жігіттерге айтар алғысымыз шексіз. Осындай тәрбиелі де ер жүрек азамат тәрбиелеп отырған ата-аналарына және Академия басшылығына  алғысымыз шексіз, — дейді ұырының уысына түспеген Ольга Владимировна.

Осы оқиғаны бас-аяғына дейін тыңдап шындыққа көзіміз жеткен соң, тіркелген істің мән жайын білу үшін Қостанай қалалық «Оңтүстік» ішкі істер басқармасына хабарласқан едім.

Қостанай қалалық ІІБ бастығы полиция подполковнигі М. Базарбаевтың айтуынша аталмыш факті бойынша 2017 жылғы 24 тамыз күні №21278 нөмерімен ақпараттарды тіркеу кітабында тіркеліп, қазіргі таңда жұмыс жүргізіліп жатқанын хабардар етті.

Міне осылай бейбіт күнде өздерінше кішігірім ерлік жасаған курсанттардың ерлігі бүгінгі таңда аяқсыз қалған жоқ. Қостанай қалалық ІІБ-ның және Академия басшылығының тарапынан марапаттауларға ұсынылып жатыр.

Бізде жан-жағындағы қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғаға елеңдеп, ерлік жасаған курсанттарға немесе жастарға айтар алғысымыз шексіз.

Мейрам Оспанов,

Қостанай қаласы

Фотосуретті түсірген: С. Камалов