Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған іс-шара.

Ежелден еркіндікпен өмір сүріп, еңселі ел болуды арман еткен бабаларымыз «егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» дегенді айтқан еді. Ал сол егемендіктің ең басты белгісі тәуелсіз ұлттың нышандары, тәуелсіздікті білдіретін мемлекеттің ұлы рәміздері болатын. Сондықтан да рәмізсіз тәуелсіз елдің болмайтыны анық. Бұл мереке — Отанымыз үшін патриоттық пен намыстың мерекесі! Себебі, әрбір азаматтың жүрегінде патриоттық сезімдерін қалыптастыруда мемлекеттік рәміздердің маңызы зор.

«Мемлекеттік рәміздер — бұл біздің мемлекетіміздің, егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді» — деп Елбасы Н.Ә Назарбаев атап өткендей, әр жылы еліміздің түкпір-түкпірінде 4 маусым күні – Мемлекеттік рәміздер мерекесі аталып өтеді.

Аталмыш мерекеге орай, ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында да салтанатты іс-шара өткізілді. Онда Қазақстан Республикасы Рәміздерінің тарихы жөнінде мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының оқытушысы М.Смағұлов мемлекеттік рәміздердің жасалу тарихы, олардың мағынасы және әр азаматтың өміріндегі маңыздылығы, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеудегі және Қазақстан халқының бірлігін нығайтудағы рөлі туралы түсіндіріліп, курсанттарды құттықтады. Шараға қатысушылар мемлекеттік рәміздердің мемлекеттіліктің басты белгісі екендігі және рәміздердің өскелең ұрпақтың болашағы үшін маңызы зор екеніндігін назарға алды.

Гимніміз бен жетістігіміз дүниежүзіне танылуда. Тәуелсіз Қазақстанның Көк Туы өзімен тілектес, экономикалық және достық қарым-қатынас орнатқан көптеген шет елдердегі Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтарында, дүниежүзінде орналасқан Қазақстанның дипломатиялық орталықтарында желбіреп тұр. Ұлттық Туымыз Олимпиадалық ойындар мен әлем чемпионаттарында биіктерге көтерілуде. Бұл — әрбір қазақстандық үшін үлкен мақтаныш, зор абырой.

                                                                  3 курс курсанты  У.Маликова