«Үздік аудармашы» сайысы

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды қолға алуды ұсынды. Және де «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» — деп, бастама көтеріп отыр.

Осы бастаманың негізінде, тілдер кафедрасының аға оқытушысы полиция подполковнигі Е. Деріпсалдин,  оқытушы полиция майоры Л. Кинжебаева, оқытушы Ж. Чиканаев Қазақстан полициясының 25 жылдығына, «Тілдердің үштұғырлығы» жобасына орай күндізгі оқыту факультетінің 1-курс курсанттары арасында «Үздік аудармашы» сайысын ұйымдастырып, өткізді. Сайыстың негізгі мақсаты – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін терең меңгеруге бағытталған академия курсанттарының зияткерлік және жеке басын дамыту.

Бұл шараға курстан іріктелініп алынған 6 курсант қатысып, өз біліктіліктері мен қабілеттерін сынап көрді.

Сайыс екі түрлі тапсырманы орындаудан тұрды. Бірінші турда қатысушылар орыс тіліндегі мәтінді қазақ және ағылшын тілдеріне жазбаша түрде аударды. Ал екінші турда сайысқа қатысушылар орыс тіліндегі заң терминдерін қазақ және ағылшын тілдеріне аударуға арналған тест тапсырмаларын  орындады.

Әділ қазылардың шешімі бойынша 106-оқу тобының курсанты Даутов Серікбол өзінің үш тілдегі терең білімімен бірінші орын алып, бірінші дәрежелі грамота мен бағалы сыйлыққа ие болды. 105-оқу тобының курсанты Амангельдинов Нұрғиса екінші дәрежелі грамотамен, ал 114-оқу тобының курсанты Ахметова Анель үшінші дәрежелі грамотамен марапатталды.

Сайыстың жеңімпаздары мен қатысушыларын құттықтай отырып, әрдайым сайыстарда ғана емес, нақты оқу барысында да жоғары білімдерін көрсетіп, белсенділік танытып, «Тілдердің үштұғырлығын» дамытуға атсалысады деп сенеміз.

                                                        Тілдер кафедрасының аға оқытушысы

полиция подполковнигі Е. Деріпсалдин

                                                  Тілдер кафедрасының оқытушысы

                                                 полиция майоры  Л. Кинжебаева