«Тілі бірдің-тілегі бір» жастар форумы

2017 жылдың 28 сәуірінде «Мирас» мәдениет үйінде Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тілі бірдің-тілегі бір» атты жастар форумы болып өтті.

Форумның мақсаты- мемлекеттік тілді басқа ұлт өкілдері арасында қолданылу аясын кеңейту, олардың тілді үйренуге  деген ынта-ықыласын, қызығушылығын арттыру, қазақстандық патриотизмді нығайту.

Осы аталған шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Кунисбайұлы Жундубаев облыс әкімінің атынан құттықтау хатын оқып,  Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, Мәңгілік елдің жарқын болашағы білімді де білгір жастар сіздерсіз  деп сәттілік тіледі. Мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, оның дамуына зор үлесін қосып жүрген облыс өңірінің дарынды  жастарын құттықтап, марапаттады.

Форумға Қазақстан Республикасы Ішкі істер миниистрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 3 курс курсанттары қатысты.  Жоғары, орта арнайы оқу орындарының, қала, аудан мемлекеттік мекемелердің өзге ұлт өкілдерінің жастары мемлекеттік тілде баяндама жасады, өз өнерлерін көрсетті. Солардың ішінде Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 3 курс курсанты Мақанов Арлан қатысып «Ерке сылқым» күйін  тебіренте орындады.

Осындай іс-шаралардың басы-қасынан табылатын Академияның курсанттары аталмыш форумға қатысып, әдемі көңіл күймен оралды.

Терең тамырлы тарихы бар, ұлтымыздың асыл қазынасы, асқақ рухы болып табылатын мемлекеттік тілдің мәртебесін биік ұстайық.

Мемлекеттік тіл бөлімшесі