Курсанттар арасындағы саптық ән байқауы

Қазақстан полициясының 25 жылдығын мерекелеу аясында 2017 жылдың 9 сәуірінде ішкі істер органдарында әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру кафедрасы күндізгі оқыту факультетінің 2 курс курсанттары арасында саптық ән байқауын ұйымдастырып өткізді.

Байқаудың мақсаты жан-жақты дамыған, кәсіби дайындалған, моральдық-психологиялық тұрақты ішкі істер органдары қызметкері тұлғасын қалыптастыру, патриоттықты тәрбиелеу.

Байқауды өткізу тәртібіне сәйкес әрбір взвод саптық әнді орындап салтанатты маршты өтуі керек.

Курсанттар саптық әнді орындауды, қозғалу әдістерін пайдалана отырып сап түзеп жүре білетіндерін көрсетті. Әсіресе, саптық әнді орындаумен қатар саптық қозғалу әдістерін орындау көпшіліктің қызығушылығын туғызды.

Сайыскерлер барлық қиыншылықтарды жеңе білді, ал құрамына кафедра қызметкерлері енген жюри мүшелерінің жұмысы қиынға соқты. Олар кеңесті, ұпайларды санады, тіпті бір-бірімен айтысып-тартысып та алды. Байқау қорытындысы бойынша нәтижелер жарияланды және мақтау қағаздары табыс етілді.

Ішкі істер органдарында

әлеуметтік жұмысты

ұйымдастыру кафедрасының

оқытушысы полиция капитаны

Примкулова Алмагүл