Академия ардагерін мерейтойымен марапаттады

2017 жылғы сәуір айының бесінші жұлдызында Академия ардагері Сафар Абдуғалиұлы Қолдыбаев өз 70 жас мерейтойын атап өтті. Той иесін бұрын қызмет еткен Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының орынбасарлары полиция полковнигі Е. Қаппасов, полиция полковнигі С.Бачурин, күндізгі оқыту факультетінің бастығы полиция полковнигі Г.Құлжанова және Академия ардагерлер кеңесінің төрайымы Т. Зюбанова, ӘГП кафедрасының бастығы полиция полковнигі Д. Тойматаев барды.

Кемелді келешекке қарышты қадам басқан Отанымыздың басты құқық қорғау органдарының бірі – ішкі істер органдарының және жоғарғы оқу орындарының талаптары әр азаматқа ауқымды да аса жауапты міндеттер жүктейтіні сөзсіз. Осы тұрғыда халыққа қызмет көрсетудің ең қажетті де қашанда өзекті салаларында болашақ мамандарын дамыту мен жетілдіру ісіне көп жылдар бойы аянбай еңбек етіп келе жатқан профессор Сафар Абдуғалиұлы Қолдыбаевты Академия басшылығы байыптылығы мен іскерлігі, кәсіби шеберлігі мен жоғары біліктілігі әлдеқашан танымал болған білгір де тәжірибелі маман ретінде шын жүректен құттықтады. Философия ғылымдарының докторы, профессор С.А.Қолдыбаев тұлғасы алдыңғы қатардан орын алады. Осы қуанышты күнде шын көңілден шыққан ізгі-ниет, ақ тілектер көп айтылды. Сонымен бірге Академияға қосқан жеке үлесі және ардагерлер кеңесінің қызметіне белсенді қатысқаны үшін Академия бастығының бұйрығымен «Шырақбек Қабылбаев» естелік төсбелгісімен Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Е.Т.Қаппасов марапаттады.

Сафар Абдуғалиұлы, туған күніңіз құтты болсын! Білім беру, жас ұрпақты тәрбиелеу және біліктіліктерін арттыру саласында өз білімділігіңізбен, тәжірибелілігіңізбен, адал еңбегіңізбен ерекшелене беріңіз. Сізге шын көңілімізбен ізгі ниетімізді білдіре отырып, бақытты да баянды ғұмыр, жемісті де жеңісті күндер, қажымас қажыр-қайрат, талмас талап-жігер тілейміз. Әрқашанда деніңіз сау, көңіліңіз жайдары, отбасыңыз берекелі болсын, демекпіз, құрметті ұстаз!