ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ


Осындай тақырыпта ағымдағы жылғы 4 сәуірде «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының 10 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Аталған шараға күндізгі оқыту факультеті 1 курсының курсанттары: Вероника Синолицина мен Ольга Андрейчук қатысып келді. Аталған шарада Вероника Мұхтар Шахановтың жыр шумақтарын нақышына келтіре оқыса, Ольга «Туған жер» әнін шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Бір айта кетерлігі, олар бұндай шараға бірінші рет қатысып отырған жоқ. Мысалы, Вероника 2016 жылы өткен «Тіл – парасат» атты облыстық байқауда 2 орын иегері атанса, Ольга сол байқауда алғыс хатпен марапатталған болатын.

Академия бастығы полиция полковнигі Мирлан Ахмедияұлы Қызыловтың: «Болашақ полиция қызметкерлеріне өз мамандығының майталманы ғана болу жеткіліксіз, мүмкіндігінше сегіз қырлы, бір сырлы қызметкер ретінде қалыптасу жолында еңбектену де керек», – деген сөзін қаперінен шығармайтын курсанттарымыздың осындай шығармашылық кештерге белсене қатысып жүргені көңілге қуаныш ұялатады.

«Тілі бірдің – тілегі бір» дейтін тұжырым қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде алатын орнын, оны қадірлей де, қастерлей білу керектігін жете ұғынған осындай жастарға қарата айтылса керек-ті.

Құрбанәлі Елмұратов,
Мемлекеттік тіл бөлімшесінің
бастығы