Академия балуандары белдесті

Наурыз айының 18 – і күні Қостанай қаласындағы «Динамо»  спорт кешенінде Наурыз мейрамына арналған Ішкі істер қызметкерлері және  құқық қорғау органдары арасында самбо күресінен Қостанай облысының чемпионаты өткізілді. Бұл додаға  Қазақстан  Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттары және қызметкерлері қатысты.

Белдесулер басталып, жарыс өте қыза түсті. Академия курсанттары қарсыластарын бірте – бірте тізе бүктіріп, басым көпшілігі жүлделі орындардан көрінді. Әрине тартыс оңайға түскен жоқ. Біреулері жеңіске жетіп баптарымен қатар бақтары шауып жатса, ал біреулерінің бақтары жанса да баптары келіспей жатты. Ал академия курсанттары өз кезегінде Ақылбеков А.А, Өтенов Б.К, Таңқыбаев Р.С және Кабидуллинов Е. жаттықтыратын  ІІІ орын иеленген 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ануаров Жолдасбек  және 57 келі салмақта Айбек Жайлау,  ІІ орын иегерлері 82 келі салмақта Оразымбет Бексұлтан, 57 келі салмақта Қасым Ұлан және 68 келі салмақта Бөлеген Ақансері танылса, І орынды  62 келі салмақта Гильмиденов Нұржан иеленді. Осылайша  1 алтын 3 күміс және 2 қоламен  жалпы командалық есепте 2 – ші орынға табан тіредік, бұл өте жақсы көрсеткіш.

Cонымен қатар  ең қызықтысы, тартысқа толы өткен қазақ күресінен Қостанай облысының «Полиция Барысы 2017»  байқауында біздің академияның ЖжДД кафедрасының оқытушысы полиция капитаны Кабидуллинов Ержан  қарсылас  шақ  келтірмей  жеңіске жетіп «Түйе балуан» атанып, қанжығасына жарыстың бас жүлдесі, қазақтың қара қошқарын байлады.  Ол ақтық сында Азияның 2 дүркін жеңімпазы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Максим Герберден басым түсіп, алдағы уақытта болатын Қазақстан Республикасының «Полиция Барысы 2017»  байқауына жолдама алды. Естеріңізге сала кетсек Қостанай облысының «Полиция Барысы 2017» додасында жалпы саны 18 адам қатысты, олардың ішінде 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 5 спорт шебері сондай – ақ спорт шеберлігіне үміткерлер бақ сынасты, жалпы былай қарасақ шетінен «сен тұр мен атайын» дейтін балуандар.

Осылайша академия самбошылары жеңістің жарқын үлгісін тағы да көрсете білді. Біздің спортшыларымыз біздің мақтанышымыз,біздің абыройымыз. Біз оларды келешек жаңа буынға әр дайым үлгі тұтамыз.Қазақ спорты, қазақ күресі дами берсін.

КОФ 2 – курс  курсанты Тұрсынбай Думанжан