Өнеге көзі, тәрбие ошағы-театр!!!

Техникаға телмірген жастарымыздың бойына рухани байлықты азық етіп, сахнаның ауасын сағынтып, өнерге шөлдейтіндердің санын көбейту мақсатында және де 27 наурыз халықаралық театр күнініне орай академиямыздың құқық қорғау мамандығы бойынша білім алып жүрген 202 және 208 топ курсанттарын Қостанай қаласындағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрына «Әке тағдыры» атты қойылымын тамашалауға алып бардық. Қойылым екінші дүиежүзілік соғыс жылдарындағы жан дегенде жалғыз ұлы майданнан оралмаған Асан қарттың басынан кешкен өмірі, жарынан айрылған келіннің тағдыры көрсетілді. Қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткер Ғабит Мүсірепов «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде — ұлт та ұлы бола алмайды» деген екен. Бұл қойлымнан әдебиет пен өнердің ұлылығын сезінген көрермендер, сезімге де ерік беріп жатты. Сұрапыл соғыстың сұрқия жылдарындағы бір ғана әке тағдырынан, қаншама әкелердің тұяқсыз қалғандығы, сәбилердің жетім аталғандығы, әйелдердің жесір тағдыры кімді де болса елең еткізбейтіндігі сөзсіз. Қойылым аяқталғаннан кейін курсанттар алған әсерлерімен бөлісіп, өресі биік көрерменге ой салар жер-театр екендігін айтып, алдағы уақытта мәдени ошаққа шығып тұруларын өтінді.

Театр – нағыз тәлім-тәрбие мен тағылымның ортасы. Киелі өнердің ордасына бас сұққан жастарымыз мәдениетті де үйреніп, өмірді де көреді. Ақ пен қараның, арпалысып жатқан заманның ащы шындығын біліп, ара жігін ажырата алады. Керегін алады да, көңіл сүзгісінен саралап өткізіп, керексізін кері ысырады. Сол себепті де артымыздан ерген бауыр, қарындастарымызды театр қойылымдарына қызығушылығын арттыру біздің бірден-бір парызымыз.

Рухы әлсіз, ұстанымы бұлыңғыр ұрпақ ескексіз қайық сияқты, қай жағалауға барып соғылары беймәлім. Сол себепті оған дем беріп, жағалауды көрсетер тәлімгер екенін ұмытпайық. Театр – тірі тарих. Иманы берік, әдеби талғамы терең ұрпаққа киелі қара шаңырақтың есігі қашанда айқара ашық. Рухани құндылықтарымыз: театр, кітап, әдеби әлем дүниелерін мұқият оқу, адами таным мен тәжірибеде мықтап ескеру – адамзаттың асыл парызы.

Соның ішіндегі театр төңірегінде Робер Лепаждың “Адам бүгін театрға ертең адам болып қалуы үшін барады” дегені бар. Демек, жастарды шыбықсыз тәрбиелейтін бірден-бір орын театр екендігін осы бастан санаға сіңірген абзал.

202 топ кураторы
полиция аға лейтенанты
Ж. Сабырбеков

208 топ кураторы
полиция аға лейтенанты
Н. Турсумбаева