ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВТЫҢ 151 ЖЫЛДЫҒЫ ЖӘНЕ  «АЛАШ» ПАРТИЯСЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ

«ХХ ғасырдың басындағы ұлттың зиялылары қазақтың ұлттық идеясын құрастыру міндетін өз мойнына алып, ұлттық бірігу идеясын ұсынды. Бүгінгі таңда біздің отандық тарихымыздағы ұлттық саяси ұйымдардың құрылу құбылысы толығымен ұғынып қабыл­дан­ған жоқ. Өз кезінде Алаш пар­тия­сы­ның жетекшілері ұсынған көп­теген ережелер, бүгінгі күнде де өз маңыз­дылығын жойған жоқ. Ол қазақ қоғамының біртіндеп трансформациялануын және қазіргі заман ағымына бейімделуін мақсат еткен отандық ұйым болған»

Н. Назарбаев

Баспасөз беттерінде өзін «қыр баласы» деп таныстырған, көпшілік жұрт оны «ұлт көсемі» деп білген, қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, «тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлихан Бөкейхановтың туғанына биыл 151 жыл.

Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келді. Бұл кез отаршылдық саясат салдарынан қазақ халқы ғасырлар бойғы қалыптасқан көшпенділердің дәстүрлі рулық-қауымдық қатынастарынан, жерінен де, оны пайдалану құқынан да ажырай бастаған, көшпенділердің байырғы құндылықтары шеттетіліп, жаңасы қалыптаса қоймаған алмағайып кез еді.

Әлихан Бөкейхан — XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы Халық кеңесінің төрағасы болды.

«Алаш» қозғалысы жетекшісінің іс-қимылы мен рөліне қазақтың қазіргі заманғы тарихында алғаш рет, 1920 жылдары осылай баға берілді. Қошмұхаммед Кемеңгерұлы (Қошке Кемеңгеров) «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», – деп жазды.

«Алаш» қозғалысының стратегиялық мақсаттарының бірі – Дала өлкесіне «земство», яғни жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жаппай енгізу. Земство енгізілген жағдайда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі күшейіп, белгілі бір аумақта жиналған салықты мектеп, аурухана, жол және тағы да басқа маңызды әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізуге, яғни жергілікті инфрақұрылымды салып, дамыту мүмкіндігі болатын еді.

Мемлекеттік Думада тиесілі заң қабылдау арқылы Дала өлкесіне жаппай земство енгізуге ұмтылған Әлихан Бөкейханның түпкілікті көздегені қазіргі қазақ мемлекетін, оның берік іргетасынан қалау еді.

1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік туралы декларациясының жариялауына негіз болған XX ғасырдың басындағы «Алаш» қозғалысы еді.

Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттары арасында әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушылары 107 топ кураторы полиция подполковнигі Қ. Жұмабаев, 302 топ кураторы полиция аға лейтенанты Н. Абдибеков, 210 топ кураторы полиция аға лейтенанты Қ. Мырзахмет, 108 топ кураторы, полиция аға лейтенанты Д. Талғабекова өз топтарында Әлихан Бөкейхановтың 151 жылдығы және  арналған «Алаш» партиясының 100 жылдығына арналған кураторлық сабақтар өткізді.

Негізгі сұрақтар талқыланғаннан кейін курсанттарға «Тайны и судьбы Великих казахов: Алихан Бөкейханов» атты деректі фильмі көрсетілді.

Қорытындылай келгенде, XX ғасыр басында Алаш қайраткерлері көтерген мәселелері бүгінгі XXI ғасырдың да ең өзек жарды мәселесі болып отыр. М.Әлімбаев: «Туған жерді сүю – парыз, сүю үшін білу парыз» – десе, Отанымызды бәріміз де сүюге, қастерлеуге тиіспіз.

309 топ кураторы

полиция капитаны Б. Алпеисов