Шырақбек атамызды еске алды

Бүгін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Шырақбек атамыздың туғанына 109 жыл толуына орай салтанатты еске алу шарасы өтті.

Ардақты есімді қастерлеген Академияның басшылары және жеке құрам, курсанттар атамыздың ескерткішінің басына гүл шоғын қойып, тағзым етті.

Салтанатты іс шараны Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Ербол Төлегенұлы Қаппасов еске алу алғы сөзімен бастады;

  • Армысыздар құрметті офицерлер мен курсанттар, қадірлі қонақтар! Бүгінгі өткізіліп отырған шара, Ұлы генерал Шырақбек Қабылбаев ағамыздың туылған күніне арналады. Аса көрнекті, мемлекет қайраткері, Абралы ауданынан шыққан тұңғыш генерал – лейтенант, қазақ республикасында екі рет ішкі істер министрі болды. Бүкіл Совет Одағының абыройлы мақтанышы бола білді. Халқына жасаған адал еңбегі үшін «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, басқа да медальдардың иегері атанды.

Шырақбек Қабылбайұлы өз өмірінің 16 жылын Орталық Комитеттегі басшы қызметке арнады. 25 жыл ішкі істер министрлігінде, оның 12 жылында министр болып жұмыс жасады.

Әрбір ішкі істер органдарының қызметкері, әрбір курсант білегінің күшімен, жүрегінің қызуын жұмсап, Отанымызды гүлдендіруге міндетті.

Міне сонда ұстаз, ағартушы, мемлекет қайраткері құрметті ағамыз Шырақбек Қабылбайұлының арманы іске асты деп санай аламыз, — деді Ербол Төлегенұлы.

Алғы сөзден кейін салтанатты іс шараға қатысқан қонақтарда атамыз туралы жылы лебіздерін білдіріп, еске алды.

Қонақтардың еске алу сөздерінен кейін салтанатты қадаммен ескерткіш басына гүл шоғын қойып, салтанатты шерумен саптық алаңда жүріп өтті.