Қостанай самбошылары топ жарды

2017 жылғы ақпан айының 20–24 күндері аралығында Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасының Самбо күресі федерациясы жүлдесі үшін Республикалық турнир өткізілді. Бұл додаға Қостанай облысының бірқатар белді балуандары да ат салысты. Ат салысып қана қоймай, түгелдей дерлік жүлделі орындардан көрініп, қарсыластарынан жеңісті жұлып кетіп жатты.

Әуелі, Б.Өтенов, Р.Таңқыбаев және Е.Кабидуллинов жаттықтыратын 48 келі салмақ дәрежесінде Қостанай қаласының сондай–ақ ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының мақтанышы, 1 – курс курсанты Алимбаева Миргул ақтық сынға дейін жетіп, нәтижесінде күміс жүлде иегері атанды. Артынша 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде О.Ибрашев және М.Тулепов жаттықтыратын Таран ауданының балуаны Нағызхан Жәнібекте 2–ші орынды иеленді. Тағы бір Қостанай академиясының түлегі, Р.Таңқыбаев, Е.Кабидуллинов және И.Сорокин қол астында жаттығатын, 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жауынгерлік самбодан ақтық сынға дейін 3 балуанды алып жығып, уақытынан бұрын таза жеңіске жеткен Данияр Баққараев турнирдің күміс жүлдегері атанды. Сондай–ақ, 3–ші орын иегерлері самбодан 57 келі салмақ дәрежесінде Рудный қаласының балуаны, О.Ибрашев және Б.Ибрашевтар жаттықтыратын Рахманов Миас, жауынгерлік самбодан 57 келі салмақта М.Абдуайтов қол астында жаттығатын Арқалық қаласының мақтанышы Байназаров Бекболат, 52 келі салмақта А.Ахметов және К.Құдабаев бапкерлік ететін Қостанай қаласының балуаны Маратов Бейбарыс, 90 келі салмақ дәрежесінде А.Ахметов және А.Сарыбаев бапкерлігінде Жұмағали Алмас, сондай–ақ, жауынгерлік самбодан 100–ден жағары келі салмақ дәрежесінде Е.Мовчан және М.Сымбаев бапкерлік ететін Мовчан Александр қола жүлде иегерлері атанса, ең қызығы 100–ден жағары келі салмақ дәрежесінде Естек Ерлан жаттықтыратын Сейтен Айбат ақтық белдесуде Қазақстан Барысының күміс жүлдегері Руслан Абдразақовтан басым түсіп, турнир жеңімпазы атанды. Осылайша Таңқыбаев Руслан жетекшілігінде барған Қостанай облысының самбо құрамасы жалпы есепте топ жарды.

ЖжДД кафедрасының оқытушысы

полиция капитаны

Ержан Кабидуллинов