1 курс мақтаныштары

Біздің академия қабырғасында  көптеген спорт түрлері өте жақсы дамыған. Және барлық спорт түрлерімен айналысуға курсанттарымызға жағдай жасалып, Академия басшылығы тарапынан қолдау көрсетіліп, күннен күнге даму үстінде.

Бұған  жалпы курсанттарымыздың үлкен жарыс додаларында жүлдесіз қайтпайтындығы дәлел. Спортпен айналысу осы академияда оқитын әр курсанттың парызы болып табылады. Өйткені олар осы мамандықты таңдаумен қатар өз өмірлерін спортпен байланыстырды.

Біздің 1 курс курсанттары ішінен спортты өмірлік серігі етіп, спорттық жолдарында үлкен жетістікке жеткен курсанттарымыз да бар. Жақында біздің бірнеше курсантымыз үлкен жарыстарға барып, жеңіс шыңынан көрінді. Атап айтар болсақ – 1 курс курсанты Алимбаева Меиргуль «самбо» күресінен өткен Қазақстан Республикасының ерлер мен әйелдер арасындағы чемпионатында күміс жүлдегер атанса, Щучинск қаласында өткен қоян-қолтық ұрысынан Қазақстан Республикасының чемпионатында Иманбаев Жумабек қола жүлдені, Оспанова Дана күміс жүлдені қанжығаларына байлады. Осындай байрақты бәсекеде академия мәртебесін көтеріп, өздерінің төккен терлерінің жемісін көрген курсанттарымыз академияға  мәртебемен оралды.

Осы аталған курсанттарымыз барлық 1 курс курсанттарына үлгі болуы қажет. Аталған курсанттарымыздың екеуі Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын орындаған курсанттар. Екінің бірі жете бермейтін бұл атақ оңай жолмен келмейтіні анық. Міне осындай еңбекқорлықпен, мақсаттқа жетуге деген талпыныс әр курсанттың бойында болуы тиіс. Академия тарапынан берілген мүмкіндікті әр курсант пайдалануға толық мүмкіншіліктері бар. Тек оларға қойылатын талап ерінбей еңбек етіп, тер төгу.

Академия курсанттарының баспасөз қызметі,

1 курс курсанты

Досжан Әділдәбеков