«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» тақырыпта академия басшылығы жас отбасылармен кездесті

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Осы айтулы датаны атап өту үшін еліміздің Үкіметі «Ұлы Дала Елі — Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты  Қазақстан Республикасының Тәуелсіздіктің 25 жылдығын арналған іс-шаралар жоспарын құрып, 21 қарашадан 15 желтоқсан аралығындағы 25 күнге арнады. Бүгінгі күні осы 25 күн ішінде әрбір қазақстандықтар өз мекемелерінде жоспарлар құрып, Тәуелсіздігіміз құндылығын ел арасында дәріптеуде.

Міне осы жоспарға сәйкес Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы да бірталай іс-шаралар ұйымдастырып, өткізуде. Соның бірі кеше ғана өткен «Ұлы Дала Елі» жоспарының ішіндегі «Отбасы құндылықтар» тармағын орындау үшін, Академиядағы отбасын құрған курсанттармен Академия бастығы полиция полковнигі Мирлан Қызылов және Әйелдер кеңесінің төрайымы полиция подполковнигі Гүлнар Семятова, тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы полиция полковнигі Балым Құрманғалиева және тәрбие жұмысы бөлімінің аға психологі полиция капитаны Жанна Руденко кездесті.

Бұл кездесу күнделікті кездесуден өте ерекше әрі басқа форматта болды. Өйткені отбасын құрған жас отауға Академия бастығы Мирлан Ахмедияұлы ақыл кеңестерін айтып, жас отаулықтармен ой бөлісті.

Мына құйтырқысы   көп қияли заманда адам өмірінің салмағы өте ауыр. Оның ішінде отбасының рөлі өте ерекше. Өйткені сезімдері жарасып, бас қосқан көптеген отбасылар шамалы кикілжіңге шыдамай ажырасып кетіп жатқаны өтірік емес, осы кезде ауызбіршілік, сабырлық, төзім әрі ақылдылық қажет. Егер осының бәрі адамдардың бойынан табылып жатса, әрине іргесі берік, шаңырағы биік үлгілі отбасы болары сөзсіз.

Тәрбиесі мол, келер ұрпаққа  берер пайдасы көп келелі бас қосуда Академия бастығы полиция полковнигі Мирлан Қызылов жас отбасын құрған курсанттарға отбасының құндылығы туралы сөз қозғап, отбасында бала тәрбиесіне әйелдің рөлі ерекше екенін айтып өтті.

Құрметті курсанттар мен сіздер үшін өте қуаныштымын. Өйткені сіздер басқа курсанттарға қарағанда орындарыңыз ерекше. Сіздердің отбастарыңыз бар. Сіздер бала тәрбиелеп отырған ата-анасыздар.

Өмірге енді ғана келген сәбидің еститіні – ананың үні, көретіні – ата-анасының қарым-қатынасы, сондықтан баланың өміріндегі, қалыптасуындағы отбасының орнын ештеңе айырбастай алмайды.

Атасы мен әжесінің «айналайынынан» нәр алып, әкесі мен анасының мейірімін сезініп жетілген баланың иманды, көргенді, көпшіл болып өсетіні анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бабаларымыз текке айтпаған, ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңген қасиет жеткіншектің алдағы өмірінің бағдаршамындай болады.

Ұлттық құндылықтардың бастауы-отбасы. Әке-отбасының тірегі болса, ана-берекесі. Көзін ашқаннан көргені мен естігені бала жадында тасқа басқан хаттай жазылып қала беретіні анық. Бақытын баладан іздейтін ата-ана «не ексе; соны оратынын» біліп, өзінің әрбір сөзі мен әрекетіне мән берген. Сондықтан бүгінгі кездесуді ұйымдастырып, жағдайларыңызды білейін деген оймен кездесіп отырмын. Бұл жерде отбасын құрған қыздарға ерекше көңіл бөлгім келеді. Әйел затының отбасында алатын рөлі ерекше екенін білесіздер. Қазақта «жақсы әйел алтын басты еркектің басын төрге сүйрейді, жаман әйел алтын басты еркекті көрге сүйрейді» деген қанатты сөз бар. Егер сіздер ақылды болсаңыздар мына жерде отырған барша ер курсанттар бір-бір генерал болмасына кім кепіл?. Сондықтан курсант ханымдар үйдің берекесі мен мерекесін кіргізетін Сіздерге айтар алғысым мол, — деді кездесуге келген Мирлан Ахмедияұлы.

Бастықтың келелі сөзінен кейін Балым Хозедиясқызы да жас отбасыларға  өз ойын ортаға салды.

«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деп қазақ текке айтпайды, өйткені бүгінгі-ару, ертеңгі-ана. Әйел-ана-жақсы болса, бір әулеттің шамшырағы, жаман болса қасіреті. Ағайынның арасын жақындатып, ерінің мерейін үстем етіп жүретін әйелдің ұялтпайтын ұрпақ тәрбиелейтіні де шүбәсіз.

Қазақтың ұлттық тәрбиесінің айнасындай халықтық педагогика мұралары-тұнып тұрған даналық пен ақылдың кені. Ақылгөй абыз бабаларымыз көз көріп, көңіл қаныққан өмір сабақтарын екі ауыз сөздің аясына сыйғызып, түйінді оймен қалдырып кеткен. Тек соны көретін қырағы көз, ұғатын сарабдал сана болса болғаны. Ата-бабаларымыздан бастау алып, сан ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікті дәріптеген қазақтың ұлттық дәстүрлері келешек ұрпақ үшін де рухани азық болып қала берері хақ. Себебі шынайы шындық пен иманға негізделген құндылықтар еш уақытта құнын жоймай, жасампаз бола береді. Ол үшін рухани бұлақтың бітеліп қалуына жол бермей, «қолымызды мезгілінен кеш сермемей», ұрпақтарымызды сол «бұлақ суынан» қанып ішуге жағдай жасауымыз керек, — деді. Кездесу барысында академияның психологі Жанна маратқызы да психологиялық тұрғыдан өз ойын білдіріп, ақыл кеңестерін берді.

Осындай әдемі ақыл кеңестерін берген ұстаздарына жас отбасылар өз алғыстарын білдіріп, мына заманда отбасы құрып, бала тәрбиелеу оңай еместіктерін да жасырмады.

Жалпы кездесу өте тамаша өтті. Кездесу соңында жас отбасылар академия басшылығымен  естелік суретке түсті.

 

Академияның баспасөз хатшысы Мейрам Оспанов