Жас түлектерге арнау

Құрметті жас түлектер! Менің бұл сөздерім тек сендерге арналады. Себебі дәл қазір сендердің алдарыңда үлкен таңдау тұр. Ол болашақта кім боламын, қайда оқуға түскен жөн деген маңызы өте жоғары жайттар. Көпшілік мектеп, колледж түлектері əлеуметтік желілерден, жалпы өмірде менің мамандығым бойынша көптеген сұрақтар қою арқылы қызығушылықтарын танытып жатады. Өмірде өте көп мамандық түрлері бар.Оның қайсысы болмасын өз алдына білім мен талпынысты, ең бастысы адалдық пен адамгершілікті талап етеді. Соның бірі адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау мен қадағалауды жүзеге асыратын полиция қызметі. Полиция қызметі өте күрделі де жауапты, əрі адам бойындағы өжеттілік қасиетін талап ететін мамандық. Полиция қызметкері бола отыра сен тек өзің үшін емес,өз елің мен қоғамыңның азаматтарының өмірі мен қауіпсіздігінің мызғымастығына жауапты боласың. Сол жауаптылықты сезіну үшін, əрі абыройлы қызмет ету үшін сен үнемі ізденіс, біліміңді жетілдіру мен өзіндік құндылықтарыңды дамыту үстінде болуың керек. Ішкі істер органдарының қызметіне кіре отыра сен Отан алдындағы Антыңды қабылдайсың. Сол Антты қабылдау арқылы сен Отаныңа адал қызмет етуге міндеттенесің. Ия Отанға адал қызмет ету ол, əлбетте, ең алдымен Отансүйгіштіктен бастау алады. Өз туған жеріне деген Отансүйгіштік қасиеті бар адам үшін мемлекет пен қызметіне деген адалдық өз қызығушылықтарынан əрқашанда артық тұрады.

Полиция қызметкері болуды таңдауға саған не себеп болды деген сауалға алдымен өзің үшін шын жауабын беріп көр. Егер сен үшін тек полиция қызметкерінің формасын кию немесе болашақта қызметке бірден орналасуың, ия болмаса материалдық жағдайда жақсы табыс көзі мақсат болса онда өз ойыңды қайта саралаудан өткізгенің жөн. Жеті рет өлшеп, бір рет кескенің бұл жағдайда артық болмасы айдан анық. Себебі полиция қызметіне келген кезде сен Отанға қызмет етуге келетініңді ескеру керексің.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің ЖОО қабылдана отыра сен «курсант» деген құрметті атқа ие боласың. Курсант бұл жай атау емес, ол маңыздылығы өз алдына адамға рух беретін атау дер едім. Курсант бола отыра, сен əлбетте балалығыңмен бірден қош айтысып,үлкен өмір ағымына аяқ басасың. Оқу орнында білім алу арқылы, ішкі тəртіп ережелері мен жарғыларын сақтау арқылы сен болашақ офицер болуға үлкен де сапалы дайындықтан өтесің. Профессорлық-оқытушылық құрамы бұл тұрғыдан, əрине сендер үшін еш аянып қалмасы анық. Курсант болу арқылы сен өзіндік жеке тұлғалық қасиеттерің мен мінезіңді, жүріс-тұрысыңды қайта даярлау курсынан өткізесің деуге болады. Бұл жерде сен шыдамдылыққа, қайсарлыққа үйренесің. Нарядқа түсу, басқа да шаруашылық жұмыстарын жасаумен қатар, сен оқу үлгерімін жақсы деңгейде ұстауға, спорттық, əскери,мәдени іс-шараларға, жалпы академияның қоғамдық жұмыстарына белсенді түрде қатысуға тиіссің. Сенің əрбір істегі жеңісің, ол бірінші кезекте оқу ордасының жеңісі. Саған сол жолда бағыт-бағдар беріп қолдаған тұлға мен əрі сенің еңбегіңнің жемісі болады. Нағыз Қазақстандық полицияның келбетін жоғары дәрежеде көрсетуге ұмтылуың керек. Осы жолда өз талпынысың мен мүмкіншіліктеріңді шыңдай отыра, саған үкілеген үмітін артып отырған ата-анаңның сенімін ақтауға барынша тырысып бағуың  қажет. Себебі сен курсант бола отыра, еліңмен қатар, өз отбасыңның, сені мәпелеп өсірген жандардың қорғаншысы,тірегі боласың.

 Құрметті жас түлек, «Болашақ-бүгіннен басталды» деген сөзді үнемі жадыда ұстап, өзіңнің өмірлік көзқарастарыңды дамытып,іштей тəрбиелеу жолында аянбай тер төгуің керек. Себебі курсант деген құрметті атақ… Егер де бұл жолға аяқ басуға дайын болсаң, онда мойма,жасыма. Өз арманыңа жету үшін бойыңдағы күш жігерің мен маңдай-тер еңбегіңді еш аянып қалма! Мамандық таңдау жолында – адаспау, ізгі ниеттің, құлшыныстың болуы сенің өз ісіңнің кәсіби шебері болып қалыптасуыңа кепіл болып табылады. Ендеше Іске сәт! Алдағы сындардан сүрінбей өтіп, біздің қатарымызға қосылуларыңа шын жүректен тілектеспін. Тек қана алға!

 17_03_1

Ізгі ниетпен; 4 курс курсанты Қабай Манар.