«Қазақстан полициясы: тарихы және бүгіні» атты дөңгелек үстел өтті

Бүгінгі таңда 23 маусым күні Қазақстанда елдің тыныштығын қызғыштай қорғайтын сақшылардың кәсіби мерекесі «Қазақстандық полиция күні» аталып жатыр. Жер жерлерде полицияларға көптеген марапаттар, сый-сипаттар, арнайы атақтар беріліп, қошемет көрсетілуде.

Осындай кезекті іс шаралардың бірі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында ұйымдастырылған «Қазақстан полициясы: қазіргі тарихы» атты дөңгелек үстелді айтуға болады.

22 маусым күні бастау алған дөңгелек үстелге Академия бастығының орынбасары подполковник Олжас Теміржанұлы Сейітжанов және басқа да кафедраның профессорлық – оқытушылар құрамы және курсанттар қатысты.

Алғашқы құттықтау сөзді алған Олжас Теміржанұлы дөңгелек үстелге қатысушы барша қонақтарды, офицер мырзалар мен курсанттарды кәсіби мерекемен құттықтап, жұмыстарына табыс, оқуларында озат болуына тілектестік білдірді.

Академия бастығы орынбасарының құттықтау сөзінен кейін әлеуметтік – гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы В. Видершпан «Ұлы отан соғысы жылдарында және соғыстан кейін қазақстандық полиция үшін кадрларды дайындау» атты баяндама жасады. Баяндама өте қызықты әрі көптеген біз біле бермейтін фактілерге, қызықты жаңалықтарға толы болды. Ғалымның айтуы бойынша соғыс жылдары ішікі істер органдарына мамандарды білікті кадрларды дайындау өте қиын болған. Өйткені барлық еркек атаулылары соғыс майданында болған. Елдің ішіндегі қылмыспен күресу мүмкін болмаған. Дегенмен қазіргі таңдағыдай жан — жақты дамыған офицер болмаса да әрбір милиция өз істеріне адал қарап, бүгінгі полицияның тұлғасын қалыптастыра білген деп, өз баяндасында атап өтті.

Полиция полковнигі Александр Видершпанның баяндасынан кейін қазақ тілінде мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының оқытушысы, полиция капитаны Медетбек Смағұлов та  «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛУ ТАРИХЫ» атты баяндама жасалды. Ол өз баяндамасында ішкі істер органдарының құрылу тарихына кеңінен тоқтала отырып төмендегі қызықты деректерді паш етті.

«-Заңдылықсыз ешқандай тәртіп жайында айту мүмкін емес. Ал бұл заңдылықты сақтау тәртіп сақшыларының басты міндеті. Бұл орайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Полицейлер – бұлар қылмыспен күресте, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауда алғашқы қатарда тұратын тұлғалар» деп атап өткен.

1992 жылы 10 қаңтарда Президент Жарлығымен Қазақстан ішкі әскерлері құрылды.

1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, бұл ішкі істер органдары қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттерін, функцияларын анықтайтын ең бірінші құқықтық акт.

2007 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым ресми түрде полиция күні болып бекітілді. Қазақстандық полиция күні – бұл сонша күш-қайрат жұмсап қазақстандық полицияны құрған және онда еңбек етіп жатқан қызметкерлерге деген құрмет, полицияның ардагерлеріне, бейбіт уақытта елдің тыныштығы үшін өмірін бергендерге деген құрмет күні»,- деп айтып өтті.

Дөңгелек үстелдің соңы курсанттар мен офицерлердің сұрақ жауаптарына ұласып, соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

 

 

Академияның баспасөз хатшысы Мейрам Оспанов