Өшпес күндер естелігі

Өмір – өзен арнасынан тасыған,

Уақыт – сағым зымыраған қасынан

Естен кетпес естеліктер елесі

Тайға таңба салғандай-ақ басылған.

Тағдырыңның өшпес болған арнасы

Тарих үшін жаңа бет боп ашылған

Әрбір кезде көз алдымда сол бір сәт

Жанарымнан қуаныштан мөлдіреген жас тамған…

 

Адам өмірі өз алдына тұнып тұрған таза тарих. Ақ пен қарасы, қуанышы мен қайғысы, әділетсіздігі мен ақиқаты таусылмайтын осынау тамаша өмірдің өшпес күндері көп болары анық. Ол күн – сенің туған күнің, анаңның ыстық құшағына мейірлене бөленген күнің, ең алғаш мектеп табалдырығын аттап, қолыңа әліппені алған күнің, жүрегіңнің лүпіл қағып махаббатыңмен қауышқан күнің, ия болмаса өз жақыныңды жоғалтқан күнің, достарыңмен алаңсыз бірге өткізген қызығы мол күндерің де болуы мүмкін. Қолыма қалам алып осының барлығын сансыз ой елегінен өткізумен болдым.

Міне, мен кішкене өмірімді тағы бір тексеріп, әр күнімнің ізіне түсіп отырмын, алыстан бастап дәл бүгінгі күнге дейін жеттім. Көз алдыма өзіме сонша таныс жиырма бір жылдық өмірім өтті. Біріне-бірі жалғасып келіп, біріне-бірі айқасып жатқан әдемі шақ, қымбат күндер жүрегіңді жүз бұрап, сол күйінде қайтадан ойға орала береді. Көз алдыма бірден үлкен өмірге жаңадан аяқ басқалы жатқан, қолыма Ант кітабын ұстап тұрған сол бір бейнем елестей береді. Ол менің өмірімнің өшпес, айтулы оқиғасы құқық қорғау қызметіне аяқ баса отырып, Отаныма, халқыма адал қызмет етуге Ант қабылдаған күнім!

…Ауа-райы керемет, 2013 жылдың 21 қыркүйегі еді.Таза да, көрікті қала Қостанайда орналасқан Ішкі істер министрлігінің академиясында салтанатты мереке 1 курс курсанттарының ант қабылдау күні. Яғни, менің Ант қабылдау күнім. Бала күннен бері полиция қызметкері болуды қалаған арманымның орындалған күні. Талай ұйқысыз өткен түндер мен бар күш-жігерімді жұмсап тер төккен еңбегімнің өз жемісін берген күні.

Дәл осы айтулы күні мен Отаныма әскери антымды бере отырып, елімнің азаматы ретінде ең жоғары және ардақты міндеттеме алған едім.

« Мен, Қазақстан Республикасының азаматы Қабай Манар Әмірқызы құқық қорғау қызметі саласына кіре отырып ант қабылдаймын және Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға… салтанатты түрде ант етемін. Мен өз Отанымының, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік мүдделерінің ер жүрек әрі батыл қорғаушысы болуға ант етемін». Дәл осы сөздерді мен тіліммен емес, жүрегіммен айтқандай болдым. Жан-дүнием алабұртып, толқыған сол сәттегі сезімімді сөзбен айтап жеткізу мүмкін емес. Дәл сол кездегі әкем мен анамның өз перзентіне деген мақтаныш сезімімен қараған,  қуаныштан көздеріне жас алған жанарлары оттай басылған еді. Көп адамдардың арасынан бірден аңғарып оларға бақыт сыйлай алғаныма іштей қатты қуанған едім. «Отан-отбасынан басталады» демекші, отбасымның үкілеген үміті, сенімі, тірегі екенімді сезіндім. Офицерлер мен аға буын курсанттарының қол шапалақтап тұрған кезінде,құдды менің бойымда өзіме деген сенім оянғандай болды.  Сол сенім, оқу орнымның мәртебесін көтеру жолында мейілі ол спорт, оқу, өнер, пікірсайыс саласында болсын жетістіктерге жетуге талпыныс әкелді.

Осындай сәт өмірімнің талай белестерін, өткелдерін айқындап берген болатын. Ант қабылдау арқылы мен елімнің, қоғамымыздың тыныштығы үшін жауапты екенімді ұғындым. Бір ауыз сөз, адамды бақытты етсе, енді бір ауыз сөз адамның барлық өміріне балта шабуы мүмкін. Ал әскери Ант, мен үшін жай сөздер емес, өте қымбат та мағыналы сөздер бола білді. Дәл осы күн, менің өмірімді толықтай өзгертті десе де болады. Балалығыммен қош айтысып, еркеліктің ендігі жерде жат екендігін сезіп өзімді ең алдымен әйел заты емес, елімнің қорғаншысы ретінде көре білдім. Ел қорғанышы нәсілге, ұлтқа, жынысқа бөлінбейтіндігіне көзім жетіп ерлермен тең дәрежеде еңбек етіп, күш жұмсаудың қажеттілігін түсіндім. Адам бойындағы отансүйгіштіктің ең жақсы, сапалы қасиет екендігін ұғындым. Отанын сүйетін, елі үшін жанын пида ететін тұлғаның өз жақындарын, өз жұртын барынша құрметтейтіндігі, оларды еш уақытта тастап кетпейтіндігі де санама тереңнен сіңді. Осындай астарлы, құндылығы жоғары заттарды барынша ұғындыруға бастау болған Ант қабылдау күні, өмірімде өзінің өшпес орнын алды. Алдағы уақытта да маңызды естеліктерімен сабақтаса бермек. Адамның ой-санасын жақсы бағытқа өзгертуге септігін тигізген қандай да болмасын оқиға адам өмірінің өшпес беттерінде емес, тарих беттерінде қалуға лайықты.  Өз шығармамды Ұлы М.Жұмабаевтың сөздерімен қорытындылағым келеді

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қырағы –

Мен жастарға сенемін»

дегендей, бүгін заманымызға елін, жерін, Отанын сүйетін, адамгершілігі мол жастар қажет. Ендеше менің өмірімнің өшпес күндер естелігіне айналған оқиға біреудің болмасын көңілінде патриоттық сезімін оятуға, дамытуға медеу болады деген үміттемін…

 

Қабай Манар