Көңілді концерт көкейге ой қондырды

1 мамыр — Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Бұл күні Қазақ елінде тұрып жатқан көптеген ұлыстар мен ұлттардың барлығы бір атаның баласындай болып, татулықтың көк туын желбіретіп, бірлігі жарасқан елдің татулығын әртүрлі сахналық қойылымдармен, келелі басқосулармен атап өтеді.

29_01_4

Қазақта осы бірлікке қатысты көптеген қанатты сөздер, мақал – мәтелдер бар. Соның бірі «бірлік түбі — тірлік» деген қанатты сөзді қазіргі уақытта еліміз ұран ретінде пайдаланып жүр.

Осы бірлігіміз бен татулығымыздың арқасында, ел іші тыныш, іргеміз сөгілмей, басымызда бағымыз жанып, сырт елдерге үлгі болуда.

Тіпті шетелдің саясаткерлері біздің елге әлдеқайда оң бағасын беріп, қазақ елі «ел достастығының лабораториясы» —  дейді. Бұл сөз әрине өте орынды айтылған.

Осы татулық пен достықтың бір көрінісі ретінде, бүгінгі ҚР Ішкі істер министрлігінің Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында болған салтанатты концерттік бағдарламаны айтуға болады.

Аталмыш іс-шара Академия қабырғасында өтіп жүрген шаралардан өзгеше болды. Өзгеше дейтін себебім, біздің оқу орнымызға Қазақстан халқы Ассамблеясының Қостанай облыстық  филиалының өкілдері және «ГрИн» Қостанай облыстық азаматтар альянсының мүшелері келіп, академия ұжымын құттықтап, концерттік бағдарлама  тарту етті.

Сахна төріне Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Ербол Төлегенұлы Қаппасов шығып, барша қонақтар мен әріптестерді және курсанттарды өзінің жүрек жарды лебізімен;

«-Құрметті әріптестер қонақтар және курсанттар, Сіздерді

ынтымағы мен бірлігі жарасқан, 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады. Қазақстанда, оның елордасы Астанада достық пен бірлікті нығайту сөз жүзінде қалмай, күнделікті іс-әрекетімізде басшылыққа алынған.

29_01_1

Қазақ қашаннан да бауырмал халық. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген «жат жұрттардың» бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған Қазақ жері көпұлтты мемлекет болып шыға келді.

Елбасымыздың көреген саясатының арқасында ел іші татулыққа, қамбамыз астыққа толы. Осының бәрі елдің ауызбіршілігінің арқасы деп ойлаймын.

Қазақстанның көпұлтты халықтары арасындағы бірлік пен ынтымақтастық нығая берсін! Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысайық. Береке-бірлігіміз арта берсін!» — деді.

29_01_2

Ербол Төлегенұлынан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының Қостанай облыстық филиалы төрағасының орынбасары Алпыс Нағашыбайұлы өз құттықтауын жеткізіп, баршамызға татулық, бірлік тіледі.

Қонақтардың құттықтауларынан кейін, отансүйгіштік рухта концерттік бағдарлама тамашаланды.

Осылай өзге ұлт өкілдерінің күшімен дайындалған салтанатты жиын академиялықтардың көңілін бір көтеріп тастады.

Концерт соңында Академия бастығы полиция полковнигі Мирлан Ахмедияұлы сөз алып, келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, болашақта бұдан да тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз деп, сөз берді.

29_01_3

Аталмыш концерттен алған әсеріміз зор, оның ішінде сырттан келген қонақтар Академияны құрметтеп, елегені үшін, академиялықтардың айтар алғысы зор.

Осылайша, көңілді концерт көпшіліктің көңіліне ой қондырып, татулықты одан әрі дамыта түсті.

ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы

Қостанай академиясының

баспасөз хатшысы Мейрам Оспанов