Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің 70 жасқа толуына арналған тәрбиелік іс-шара өткізілді

«Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!»

Тоқтар Әубәкіровтың ғарыш кемесі көтерілер сәтіндегі сөзі

 

Ер қанаты – тұлпар, – деген сөз бар. Асау тұлпарды да, темір тұлпарды да ерттеп мінген нағыз батыр, нар тұлғалы, көркем мінезді, келіскен қазақ жігіті Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров үстіміздегі мешін жылы мерейтой 70 жасқа толып жатыр.

Осыған орай өзімнің ұйымдастыруыммен тілдер кафедрасы апталығы аясында жоспарланған Тәуелсіз еліміздің 25 жылдығы мен оқу ордамыздың 45 жылдығына арналған күндізгі оқыту факультетінің бірінші курс курсанттарымен «Біздің заманымыздың батыры, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің туғанына 70 жыл» атты тәрбиелік іс-шара өткізілді.

Аталмыш іс-шараның басты мақсаты кейінгі жастарға қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер туралы, отандық ғарыш саласының өткені мен болашағы жайлы ақпарат беру, сондай-ақ, олардың отансүйгіштік сезімін жаңа биіктерге көтеруге септігін тигізер деген ой болды.

Батыр Тоқтар Әубәкіровтың өмірбаянына, атақ-даңқтарына қысқаша тоқтала кетсем, Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров – 1946 жылдың 27 шілдесінде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, «1 май» ұжымшарында дүниеге келген. Екі ұлдың әкесі. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының Батыры (1988 ж.), Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы (1995 ж.), техника ғылымдарының докторы (1998 ж.), профессор (1997 ж.), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, «Отан», «Құрмет Белгісі», «Ленин», «Октябрь Революциясы» және екі мәрте Австрия Республикасының «Алтын Крест» ордендері мен бірқатар медальдардың иегері.

1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшып, 10 қазанда Жерге оралды.

Іс-шара елімізге танымал жас әнші Төреғали Төреәлінің орындауындағы «Байқоңыр» бейнебаянымен басталды.

Ары қарай оқытушы қысқаша косманавтика және биыл адам баласының ғарышқа ұшқанына 55 жыл толуына, сонымен қатар қазақтан шыққан үш ғарышкер батырдың екеуі Талғат Мұсабаев (1995 ж.) пен Айдын Айымбетовтерге (2015 ж.) тоқталып, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің өмірбаяны, қызметі туралы, ғарышқа алғаш ұшқан кездердегі қызықты, танымды бейнематериалдар кеңінен ұсынылды.

Біз патриотизм дегенді жиі айтамыз. Ал шын мәнінде сөзімен және ісімен, бүкіл жан дүниесімен патриоттықтың үлгісі деп осы Тоқтар Әубәкіровті атауға болады.

Оқу ордамыз бен батыр ағамыздың қос мерейтойына арналған аңыз адам туралы бас қосуымыз тағылымы мол іс-шара ретінде есте қалады деп ойлаймыз.

 

Тілдер кафедрасының аға оқытушысы

полиция подполковнигі

 Е.Қ. Деріпсалдин