Облыстық «Тілдарын» олимпиадасында бақ сынады

21_05_1

2016 жылғы 20 сәуірде Қостанай қаласы Достық үйінде Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу мақсатында «Тілдарын» облыстық олимпиадасы өтті.
Олимпиадаға үш тілді меңгерген 18-22 жас аралығындағы 22 үміткер жоғары оқу орындары және колледж студенттері, жалпы білім беру ұйымдарының мамандары қатысты.
Қатысушылар үш кезеңнен тұратын мынадай тапсырмаларды орындаудан сынға түсті: қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде берілген тақырыпқа сай «тұсаукесер» өтті, алдын-ала берілген тақырыпқа эссе жазды, мәтінге ілеспе аударма жасады.

21_05_2
Талантты жастардың білім деңгейін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалап, тілдерді меңгеру деңгейіне, жазу сауаттылығы мен дұрыс дыбысталуына, жауаптың оралымдылығы, сапасы, мазмұны мен ерекшелігіне назар аударды және өзін-өзі ұстауымен, берілген уақытын дұрыс пайдалануын ескеріп, жүзден жүйрік шыққандарды лайықты орындарымен құттықтады. Барлық қатысушылар арнайы алғысхаттармен марапатталды.
«Алуан, алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, осы байқауға ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 2 курс курсанты Ақерке Талғатқызы қатысып, өз бағын сынап келді.
Біздің курсант Акерке берілген тапсырмаларды уақытында, әрі сапалы орындап қазылар алқасының тарапынан оң баға алды. Бізде көптің арасында бағын сынаған Ақеркеге болашақта жолы болып, биік белестерден көрінуіне тілектеспіз.

МТБ инспекторы
С.Жиентаева