Қоғам тәртібіне курсанттардың қосар үлесі зор

Қазақ елі тойшыл қауым, «той десе домалайды қу бастар» деп, дана халқым бекерден бекер айтпаса керек. Осы сөздің жанын осы мақалам арқылы жандандырғым келеді.

Еліміз Тәуелсіздік алып, етек-жеңін жиып, ешкімге жалтақтамай әлемге әйгілі ел болып, өз туымыз, өз әнұранымыз, өз ата заңымыз, өз мерекелерімізді белгілеп алғанымызға да биыл 25 жыл толып отыр.

Мереке демекші, елімізде ресми және бейресми мерекелер жеткілікті. Бұл мерекелерді атап өту, қазақтың дархандығын көрсетеді.

Осы мерекелерді атап өту үшін, әрине қоғамның қауіпсіздігін сақтайтын тәртіп сақшыларының орны ерекше. Оның ішінде Қостанайдың шетінен ойып тұрып орын алған киелі шаңырақ, Қазақстан  Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясын  ерекше тілге тиек еткім келеді.

Қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлестерін қосып жүрген курсанттарды айтуға болады. Бізде өз еңбектеріне адал қарайтын жастар саны көп.

29_02_1

Міне осындай кезекті қоғамдық тәртіпті сақтау Наурыз мерекесінде ұйымдастырылды. Алғашқы тәртіпті сақтау нұсқаулығы Академияның саптық алаңында өтті. Нұсқаулықты Академияның кезекші бөлімнің бастығы, полиция майоры Арман Есжанов өткізді. 2-ші курстың 100 курсанты қоғамдық тәртіпті қалай сақтау керектігі жөнінде толық ақпаратқа қанық болған соң, курс бастығының орынбасары полиция аға лейтенанты Нұрлан Бақытқалиұлымен облыс орталығына жіберілді.

Сол күні кешке курсанттар өз міндеттерін адал атқарып, еш төтенше жағдайсыз, облыстық ішкі істер департаментінің басшылығынан ауызға мадақтау алып, академия қабырғасына абыроймен оралды.

Осылайша темірдей қатты тәртіптің арқасында облыс орталығында көңіл көтерген жұртшылық тамаша мерекені еш уайымсыз өткізіп, үйлеріне жақсы көңіл күймен қайтты.

Кезекші бөлім