Ескіргенді жаңарту ұрпақ парызы

2016 жылдың 23 наурызында тәрбие жұмысы бөлімінің қызметкерлері мен курс басшыларының қатысуымен  Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Ы. Алтынсарин мемориалдық мұражайының және І. Омаров атындағы Қазақ драм театрының әртістері күндізгі оқыту факультетінің курсанттарына Наурыз мейрамына арналған қазақтың «Сынсу» дәстүрін көрсетті.

«Халқымызда тұрмыс салт жырларының ең көп тарағандарының бірі сыңсу». Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар алдында ағайын туғандарын аралайды. Былайша айтқанда қоштасады (Бірақ бұл дәстүрлі қоштасу емес). Жеңгесін ертіп ағайындарын аралап жүрген қыз жәй жүрмейді. Ол өзінің балалық дәуренінің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп сыңсып, жылайды. Осындай өлең жырды сыңсу дейді.

Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес. Ал қазақтың қазіргі қыздары бұл дәстүрдің алтын арқауын үзді десе де болады. Өйткені ауыл, үй аралап сыңсу, жылау түгілі, оң жақтан аттанарда күліп, қуанып жүргендерін де көз көрді. Бұл ұлттық тәрбие мен ұлттық мәдениеттің ұмытылғандығынан деп танимыз.

Міне, осындай ел ішінде ұмытылып, бара жатқан салт-дәстүрімізді сырттан келген қонақтар, курсанттарға үлгі әрі ұмытылмастай етіп, насихаттап берді.

Бізде алтын уақытын қиып келген, әртістерге, мұражай қызметкерлеріне айтар алғысымыз мол.

 

 

Тәрбие жұмысы бөлімі