Рухы биік ұлы тұлға – Шырақбек Қабылбаевқа тағзым

2016 жылдың 9 наурыз айында Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында мемлекет және қоғам қайраткері Шырақбек Қабылбаевтың туған күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

Баршамызға мәлім, Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаев (1908-1976жж.) – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР ішкі істер министрі, генерал-лейтенант  (ІІ рангілі ішкі қызмет генерал-лейтенанты), ІІМ еңбек сіңірген қызметкері. Оның қызметімен ішкі істер органдары саласындағы мемлекеттік және кадрлық саясатын жетілдіруге қосқан үлесін ескере отырып, 2014 жылғы 9 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1287 Қаулысымен Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай академиясына Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевтың құрметті есімі берілген болатын. Сонымен қатар оқу орнында Шырақбек Қабылбаевқа арналған ескерткіш орнатылып, өмірі мен қызметтік жылдары жинақталған мәліметтерге толы мұражай ашылған болатын.

Осындай керемет салтанатты іс-шараны Академия бастығы полиция полковнигі Мирлан Қызылов ашты. Полиция полковнигі Мирлан Қызылов: «Шырақбек Қабылбаев iрi мемлекеттік қайраткердiң бірі, ол шынында өз халқының мәдениеті, дәстүрі, әдебиеті, өнерінiң энциклопедиялық танымдарына ие және қазақ, орыс және әлемдiк әдебиетті бағалаушы биік ақыл-ойлы жан-жақты тұлға болды. Оқу ордасына Шырақбек Қабылбаевтың жеке кітапханасынан 350 дана кітап табыс етілді, онда әлем классикасынан бастап орыс жазушыларының, 50 томдық Мұхтар Әуезовтің кітабы және де Бауыржан Момышұлымен Сәбит  Мұқановтың  қолтаңбалары бар  кітаптар.

Бұл біздің оқу ордамыз үшін бағалы да сыйлы қазына. Академияда білім нәрін алып жатқан әр курсантқа, қызметкерге отансүйгіштік касиеттерді дамыту,  қоғам қайраткерлері жайлы әдебиеттерді насихаттау, мұрамызды сақтау және болашақ тәртіп сақшыларын өнегелілікке тәрбиелеу, біздің басты мақсатымыз», деп сөзін аяқтады.

Салтанатты іс-шарада курсанттар салтанатты сап түзеді. Елімізге белгілі ақын Серікбай Оспанов пен танымал сазгер Қалибек Деріпсалдиннің Шырақбек Қабылбаевқа арнап жазған әні алғаш рет  орындалып, академия маршы болып бекітілді. Іс-шараға танымал айтыс ақыны, қазақстанның халық ақыны,  айтыскер ақын Әсия  Беркенова, Қазақстан Жазушылар Одағының, Әлем халықтары  Жазушылар Одағының мүшесі  Серікбай Оспанов, белгілі лирик  ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Нағашыбай Мұқатов, белгілі қазақ ақыны, жазушы, драматург, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Ақылбек  Шаяхмет, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, танымал сазгер Қалибек Деріпсалдин сияқты танымал өнер майталмандары қатысты.

Академия бастығы полиция полковнигі Мирлан Қызылов және бастықтың орынбасары полиция полковнигі Ербол Қаппасов Шырақбек Қабылбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Іс-шара өзінің жалғасын оқу ордасының мәжіліс залында жалғасты. Мәжіліс залында қоғам және мемлекет қайраткерінің туған-туыстары жолдаған естеліктер мен қазақ әдебиетінің көрнекті жазушылары сыйға тартқан Шырақбек Қабылбаевтың жеке кітапханасы ұйымдастырылды.  Оқу ордасының кітапхана қызметкерлерімен қазақ халқының  қаһарманы Бауыржан Момышұлы, белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың қолтаңбасы бар кітаптар қойылған кітап сөресі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, әнші, жазушы, қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменов Шырақбек Қабылбаевқа тарту еткен домбыра көрменің сәнін келтірді. Іс-шара барысында күндізгі оқыту факультетінің курсанттары  ірі мемлекет қайраткері Шырақбек Қабылбаевқа арнаған өлеңдерін оқып, оның ерлігі туралы айтылды.

Бүгінгі таңда, біздің Академия үшін Шырақбек Қабылбаевтың шығармашылық мұрасы, болашақ ұрпаққа үлгі етіп қалдырып кеткен өсиеттерімен ерлікке толы шығармалары оқу ордасында қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің, білім алып жатқан курсанттардың өн бойларында Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін, қазақстандық патриоттық санасын дарыту мен насихаттауда алатын орны ерекше.

 

 

Орынбасар Уақпаева
ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы
Қостанай академиясының баспасөз қызметінің
баспасөз хатшысы

суретті түсірген С.Камалов