Тіл байлығы – ел байлығы…

Табиғаттың адамға баға жетпес сыйға тартқан байлығының қатарында тілдің алатын орны ерекше.      Елді ел етіп, өзге ұлттардан даралайтын құдіретті күштің бірі-тіл. Тіл бар жерде тіршілік бар, ал тіршілік бар жерде қоғам бар. Олай болса қоғам әрдайым ілгері жылжып, дамып отырады. Демек тілде бір орында тұрмасы айдан анық. Жер шарында қанша ұлт болса, сонша түрлі тіл бар. Қай-қайсымыз болмасын, әуелі ана тілімізде айналамызды танып, сол арқылы болашаққа ұмтыламыз. Ана тілі-ар намыстың өлшемі, демек туған тілдің абыройы мен мәртебесін асқақтату – әр азаматтың қастерлі борышы.

«Ана тілі-халық болып жасалғаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» — деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, жүрегі халқым деп соғатын әрбір азамат ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі болуы қажет.

Туған тілім-тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы,
Өссе тілім, менде бірге өсемін,
Өшше тілім, менде бірге өшемін.

– деген ақын Әбділдә Тәжібаевтың мына өлең жолында сөзбен айтып жеткізе алмайтын бір сезім бардай…

Қазақ тілі-қазақ халқының болашағы, оның тірегі мен бақыты. Елбасы Н.Ә. Назарбаев еліміздің ертеңі туралы тереңнен толғай отырып «мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы»-деген болатын. Қазіргі таңда қазақ тілінің деңгейі – мемлекеттік тіл. Ол дегеніміз, мемлекеттің бүкіл аумағында, қарым-қатынастың барлық салаларында қолданылатын болғандықтан, жүргізілетін іс-шаралар мен іс-қағаздар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын саналы да білікті ұрпақ қана халқымыздың беделін әлемдегі дүркін елдердің санатына енуіне жол ашпақ… Өз ана тіліңді жетік білмесен, сенің «кім» екеніңді білмейді. Яғни «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», ана тілінде еркін сөйле. Елің мен халқыңды жарық дүниеге паш еткің келсе, оның бірден бір құралы-тіл.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді терең меңгеру-Қазақстан Республикасының әрбір адамзатының парызы»-делінген. Тіліміздің тәуелсіздігі жоғалмаса, еліміздің тәуелсіздігі мәңгі болмақ. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін естен шығармаған абзал.

 

Айдана Серикбаева
КОФ І курс курсанты