Ауғанстан – жүректегі ауыр жара

2016 жылдың 13 ақпанында Академия қабырғасында Ауғанстан соғысына байланысты мерекелік концерт өтті. Кешімізге Ауған соғысының қанды күндерін бастан кешірген, осы сұрапыл соғыстың шын куәгерлерін шақырдық. Кештің мақсаты: өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағаларымыздың ерлігін үлгі ету.

Қаншама жазықсыз төгілген қан. 1979 жылы желтоқсан айында Кеңес Үкіметінің ұйғаруымен Ауғанстан жеріне Кеңес әскерлерін енгізу туралы шешім қабылданды. Тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі – Ауған соғысы.

Қазақстан Республикасынан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, 761 адам қаза тауып, 21 адам хабарсыз кеткен. Ауған соғысында қаза тапқан ер жүрек батырларымызға 1 минуттық үнсіздік жарияладық.

Азаматтық борыштарын адал өтеп, қасіретті соғыстың қиыншылығын көрген қонақтарымызға концерттік бағдарлама көрсетілді. Көптеген адамның өмірін өзгертіп, қаншама қайғы қасірет әкелген соғыстың зардаптары жайлы КОФ 3 курс курсанты Айнұр Беркимбаева сиясы кеуіп үлгермеген өлең шұмақтарын оқыды. Мың бұралған бишілер мен әншілеріміз өнер көрсетіп, бақытқа толы шаттық сыйлады.

Аталған тарих беттерін парақтап, бүгінгі күнге жетіп отырған ардагерлерімізге сый-сияпаттарымызды табыстап, шексіз алғысымызды білдірдік. Мерекелеріңіз құтты болсын! Қатарларыңыз сиремей, елдің рухын көтеріп, жылдан-жылға аман-есен жүре беріңіздер, деп жылы лебіздерімізді білдірдік.

 

Марат Кабылдин
3 курс бастығының орынбасары
полиция старшинасы