Тарихымен танымал — Академия!

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы ел тыныштығын қорғайтын, қоғамның қауіпсіздігі мен тәртібін қамтамасыз ететін қызметкерлерді даярлайтын бірден-бір Қазақстан Республикасы ІІМ ведомстволық жоғары оқу орны болып табылады.

Өз алдына 45 жылдық тарихы бар оқу ордасының өткені мен бүгіні небір айтулы оқиғалармен, ұлағатты істермен сабақтасып жатыр.

Қостанай қаласындағы, қазақтың ұлы ақыны Абай көшесінде орналасқан, одан әрі генерал-майор А.Арыстанбековтың көшесімен қиылысып жатқан академияның мекен-жайының өзін  ұлылықтың бастамасы деуге болады. Себебі, дәл осындай қазақ тарихындағы  алатын орындары ерекше, ұлы  дана тұлға Абай Құнанбайұлы мен қазақтан шыққан тұңғыш мемлекеттік қауіпсіздік генерал-майоры А.Арыстанбековтың есімдерімен ұштасуы адамның тұла бойына қазақстандық патриоттық рух сыйлайды. Сондай-ақ, 2014 жылғы 09 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1287 қаулысымен Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай академиясына ішкі қызмет генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевтың құрметті есімі берілді. Бұл оқу ордасы үшін қуанышты сәт!

Азаматтық ұстанымы жоғары, өз келешегіне бейжай қарамайтын барша курсанттар осындай киелі жердің разылығын, әсте, қадір тұтуы қажет деген ойдамын. Себебі өмірдегі әрбір ұлы оқиға кішігірім жайттардан бастау алады емес пе. Сондықтан, бұл — Академия тарихы үшін бір бастау…

Осындай бастауларға ұласқан ұлы тарихтың серпіні болған дәл 1997 жыл болса керек.  1997 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай жоғары мектебіне жоғары оқу орнының Туы табыс етілді.

1997 жылғы 16 шілдеде ҚР ІІМ Қостанай жоғары мектебіне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев келді, ол елдегі ішкі істер органдары үшін жоғары білікті мамандарды сапалы дайындау бағытындағы педагогикалық ұжымның жұмысына жоғары баға берді. Құрметті қонақтар кітабына Елбасы «Қостанай жоғары милиция мектебінің қызметкерлеріне және тыңдаушыларына Отанға адал және мінсіз қызмет етуін тілеймін» атты ұлағатты сөздері жадымда мәңгіге сақталары анық.

Бір ауыз сөз мұхиттарды жалғайды,

Бір ауыз сөз ұран болып самғайды

Бір ауыз сөз ұшса бақыт құсы боп… демекші, дәл осы бір ауыз сөз менің санамда Отаныма деген сүйіспеншілік сезімінің өркендеуіне түрткі болды.

Елбасының «адалдық» сөзінің астарында елдің қорғаншысы, нағыз полиция бейннесіне тән қасиеттердің бар екендігін айтуға болады. Өз ісіне адал тұлға ғана қызметінің ыстығы мен суығына төзіп, санасына ең алдымен мемлекетінің, ұлтының қызығушылықтарын сіңіру арқылы еңбек етіп, тер төгуі мүмкін.

Сондықтанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осы тілегі барша болашақ құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлгі, әрі өнеге. Ал, бұл біздің академиямыздың тарихында өзінің өшпес орнын қалдырды.

 

 

Қабай Манар
3 курс курсанты