Жетім көрсең жебей жүр…

Қазақ ертеден «Жетім көрсең жебей жүр…» деген ұлағатты терең бойына сіңіріп өскен халық. Ата – анасының мейірімінсіз қалған бейкүнә сәбилерге қандай көмек көрсетсек те артық болмайды. Өкінішке орай, Қазақстанда жетім сәбилер саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Қазақ елі жетімін жылатпаған халық. Әрине, өмірдегі баға жетпес байлық ата – ананың мейріміне тең келер нәрсе жоқ, дегенмен біз кішкентай сәбилерге қолдан келгенше көмектесуге тиіспіз. Сәбилер үйіндегі әрбір бөбек әдемі, сүйкімді, әрі бауырмал дей отырсақ та көздерінен мұңды көруге болады. Әрине, сәбилер үйіндегі бүлдіршіндердің әрқайсысының ауыр тағдыры бар. Болашақта жақсы азамат тәрбиеленіп шыққанын қаласақ, әрбіріміз өз үлесімізді қоса аламыз. Кез келген адамға көмек керек, әсіресе жандарында ақылшы, аялы алақандарымен аялап отыратын тіреулері жоқ кішкентай бүлдіршіндерге. Бұл сәбилер үшін ең маңызды құндылық, ол мейірім, қайырымдылық, махаббат. Қамқорлықты сезінген балалар болашақта саналы ұрпақ болатынына күмәнім жоқ.

Осы орайда Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігінің  Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының І курс курсанттары қолдан келгенше аянып қалмады. Желтоқсан айының 15 жұлдызында І курс курсанттары «Дельфин» сәбилер үйіне керек – жарақ заттар алып барып, үш жасқа дейінгі жоғарғы буындағы сәбилерді ойнатып, көңілдерін көтерді. Аз ғана уақыттың ішінде бауыр басып қалған сәбилермен қоштасу қиынға соқты…

Әрбір адам баласы дүниеге жетім болу үшін келмейді. Сондықтан да қатыгездікке жол бермеген абзал! Елімізідің болашағы жастардың қолында, жастардың ертеңі тәрбиенің жолында!

 

Қайрат Қадыров
1 курс бастығының орынбасары
полиция аға лейтенанты