Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – бүкілхалықтық мереке

2015 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 2 курс 210 топ курсанттарымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні аталып өтті. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында Қазақстан Парламентінің Сенаты «1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» мемлекеттік мерекесін бекіткен заңын қабылдағаны баршаға мәлім. Іс-шараның басты мақсаты болып «Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістердің дәл осы күні қабылдануы жай ғана сәйкестік еместігін түсіндіру. Бұл – еліміздің жаңа тарихындағы ерекше күн. Нақтырақ айтсақ, жиырма төрт жыл бұрын, яғни 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы болып сайланды. Сөйтіп, ғасырлар бойы халқымыздың асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі ата-бабаларымыздың тарихи аманаты орындалды. Бірауыздан Мемлекет басшысы болып сайланған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды жарқын болашаққа батыл бастады.

Тәуелсіздікке ие болған жиырма жылдан астам уақыт ішінде республика Президентінің жетекшілігімен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Елбасы халықты орасан зор істерге жұмылдырды, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту ісінде әлем тәлім аларлық саясат ұстанды. Еліміздің сырт­қы саяси бағытын дәл нұсқап, тұңғыш рет қазақ мемлекетінің шекарасын айқындады, төрткүл дүниеге тең терезелі ел ретінде мойындатты. Міне, сондықтан да әлем­нің маңдайалды саясаткерлері Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан мемлекеттілі­гінің негізін қалаушы және бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық, өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде таниды.

 

Дина Қарымсақова
мемлекеттік-құқықтық пәндер
кафедрасының оқытушысы
полиция капитаны