«ҚАБЫЛБАЕВ ҰРПАҚТАРЫ»

Академияның өнерлі қызметкерлерінен жасақталған «Қабылбаев ұрпақтары» командасы үстіміздегі жылдың 22-23 қазаны күндері Шымкент қаласында өткізілген ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасындағы республикалық «Парасатты полицей» байқауына қатысып келді. Байқауға Алматы мен Астана қалалары, облыстардағы, Көліктегі ішкі істер департаменттері, Министрліктің ведомстволық жоғары оқу орындары қызметкерлерінен іріктелген 20 команда қатысты.

Байқаудың мақсаты мен міндеті – мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау; тәртіп сақшыларының бойында Отанға деген сүйіспеншілікті дамыту; полиция қызметкерлерінің қоғамдағы оң имиджін қалыптастыру; ішкі істер органдары қызметкерлерінің мемлекеттік тілге деген құрметін және құқықтық мәдениетін, ізгілік пен парасаттылық рухын арттыру болып табылған байқаудың нәтижесінде, әділқазылар алқасының шешімімен «Қабылбаев ұрпақтары» командасы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығының (Шымкент қ.) арнайы сыйлығымен марапатталды.

Еліміздің оңтүстігінде орналасқан шырайлы Шымкент қаласынан сыйлықпен оралған Академия командасын қабылдаған Академия бастығы полиция полковнигі Мирлан Ахмедияұлы Қызылов команда мүшелеріне алғысын айтып, алдағы жылы өтетін республикалық конкурсқа жоспарлы түрде дайындық жүргізуді тапсырды.

 

Құрбанәлі Елмұратов,
Мемлекеттік тіл
бөлімшесінің бастығы